Зейнетақыны заңсыз алып келген екі зейнеткердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Қарағанды облысында екі зейнеткер 20 жыл бойы жоғары көлемдегі зейнетақыны заңсыз алып келген. Мемлекетке келтірілген шығын 16,7 млн теңгені құрады, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Алматы, NEGE. «30 тамыз күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасы Орталық полиция бөліміне алаяқтықтың екі фактісі бойынша істер келіп түсті. Анықталғандай, 71 жастағы ер адам 2000 жылы еңбек өтілі туралы жалған мәліметтер ұсынған. Осылайша, 20 жылда алған зейнетақы төлемінің жалпы сомасы 7,4 млн теңгені құрады. Сондай-ақ еңбек өтілін өз пайдасына қарай жазып алған 75 жастағы әйел 20 жыл бойы жоғары көлемдегі зейнетақы алып келген. Солайша мемлекетке 9,3 млн теңге шығын келтірді. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», - делінген ақпаратта.