«Заң және тәртіп» қағидатының нақты жүзеге асуы тәуелсіз сот жүйесіне байланысты – сарапшы

Құқықтық мемлекеттің тиімділігі ең алдымен тәуелсіз сот жүйесі арқылы өлшенеді. Сарапшы Дидар Болатов «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын талдай отырып, Конституциядағы «Заң және тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруда соттың рөлі айрықша екенін атап өтті.

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Сарапшы 1 шілдеден бастап 2026 жылы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін еске салды. Ата заңның преамбуласында «Заң және тәртіп» қағидаты айқын бекітіліп, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мемлекет қызметіндегі басты қағидаттардың бірі ретінде белгіленген.

Дидар Болатовтың пікірінше, заңдылық пен құқықтық тәртіпті құқық үстемдігі тұрғысынан қарастыру қажет. Осы орайда ол белгілі заңгер-ғалым Нағашбай Шәйкеновтің соттың заң үстемдігін қамтамасыз етудегі айрықша рөлі туралы тұжырымдарына тоқталды.

«Заң өздігінен үнсіз. Заңға үн беретін – сот», – деді сарапшы заңгердің қанатты сөзін мысалға келтіріп.

Дидар Болатов сондай-ақ Венеция комиссиясының құқық үстемдігі туралы баяндамасына да тоқталды. Құжатта тәуелсіз әрі бейтарап сот жүйесі құқықтық мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі ретінде айқындалған.

Осы ретте Дидар Болатов «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасына қатысты пікірін айтты. Онда «Заң және тәртіп» бағыты дербес басымдық ретінде айқындалып, соның аясында «Әділ әрі баршаға тең сот төрелігі» бөліміне ерекше мән берілген.

Дидар Болатовтың айтуынша, бағдарламадағы тәуелсіз әрі тиімді сот жүйесі құқықтық мемлекеттің негізгі тірегі екені туралы тұжырым Конституция талаптарына да, құқық үстемдігінің жалпыға ортақ қағидаттарына да толық сәйкес келеді.

«Конституцияда бекітілген «Заң және тәртіп» қағидатының іс жүзінде қаншалықты жүзеге асатыны ең алдымен осы мәселеге байланысты», – деді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, «Заң және тәртіп» қағидатының мазмұны тек ережелерді сақтап, мемлекет белгілеген талаптарды орындаумен ғана шектелмеуі тиіс.

«Құқықтық мемлекетте «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік билік органдарының заң аясында әрекет етуін, құқықтық айқындықтың сақталуын, озбырлыққа жол берілмеуін, адам құқықтарының қорғалуын және ең бастысы, сол құқықтарды тәуелсіз әрі бейтарап сот арқылы тиімді қорғау мүмкіндігін білдіреді», – деді Дидар Болатов.

Сарапшының пікірінше, алдағы уақытта «Заң және тәртіп» қағидатының заңнамада ғана емес, құқықтық тәжірибеде де нақты жүзеге асу деңгейі осы өлшемдер негізінде бағалануы тиіс.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.