«Япончиктің» өліміне күдікті адам изоляторға қамалды
Мәскеудің Басманный соты қылмыс әлемінің серкесі Муртаза Шаданияны тергеу изоляторына жөнелтті. Ол «Япончик» жанама атымен танымал заңдағы ұры Вячеслав Иванковтың өліміне қатысы бар деп айыпталған. Бұл туралы «Интерфакс» хабарлайды.
Алматы, NEGE. Муртаза Шадания 6 ақпанда Мәскеуде ұсталды. Тергеушілердің мәліметінше, ол мерген мылтығын қылмыс орнына апарып, көлікте жасырынып отырған киллерге тапсырған. Оқиға 2009 жылдың 28 шілдесінде Хорошевское даңғылындағы «Thai Elephant» мейрамханасының маңында болған. Киллер атқан оқ Вячеслав Иванковтың ішіне тиген. Ол ауруханаға жеткізіліп, ота жасалыпты. Бірақ алған жарақатынан айықпай, сол жылдың 9 қазанында Мәскеу клиникасында қайтыс болды.
Дегенмен Муртаза Шадания кінәсін мойындамады. Ол қатерлі ісік ауруына байланысты үй қамауына алуды сұрады. Алайда тергеушілер айыптының бұл әрекетін «тергеуден жалтарудың амалы» деп санайтынын айтқан.