«Яндекс» Қазақстанды екінші орынға ысырып қойды ма?
Ресейдегі «Яндекс» дата-орталықтарына жасалған шабуылдар Қазақстандағы такси қызметінің жұмысына да әсер етті. Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы, TSARKA ұйымының жетекшісі Олжас Сәтиевтің сөзінше, компания Қазақстанда танымал болғанымен, сервистің негізгі жүйесі Ресейге тәуелді.
Астана, NEGE. Бұған дейін «Яндекс» компаниясы Қазақстан азаматтарының дербес деректері ел аумағында сақталатынын мәлімдеген. Сарапшы Decaf. подкастында бұл мәлімдемеге күмән келтірмейтінін айтқанымен, деректерді жергілікті жерде сақтау мен сервистің негізгі инфрақұрылымын Қазақстанда орналастырудың айырмашылығы бар екенін атап өтті.
«Яндекс Go – такси, жеткізу және басқа да қызметтерді біріктіретін негізгі қосымша. Олардың негізгі жүйесі бір орталыққа тәуелді етіп жобаланған болуы мүмкін. Сондықтан оны орталықсыздандыру қиын. Яғни Яндекс Go инфрақұрылымын толығымен Қазақстанға көшіріп, осында орналастыруы екіталай», – деді Олжас Сәтиев.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстанның қазір компания үшін басымдыққа ие емес екеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, «Яндекстің» Қазақстандағы кеңсесінде негізінен PR мамандары, маркетологтер мен пайдаланушыларға қолдау көрсететін қызметкерлер жұмыс істейді. Ал инженерлік топ Ресейде орналасқан.
«Ресей ең алдымен өз мәселелерін шешуге күш салатыны сөзсіз. Оған қоса, бізде дәл осындай жүйелерді әзірлейтін мамандар қалыптаспай жатыр. Бұл мәселе тек “Яндекске” қана емес, көптеген IT-компанияларға тән. Олар Қазақстанға көшіп келгенде, мұнда көбіне коммерциялық бөлім, сату менеджерлері мен қолдау қызметін ғана орналастырады. Ал инженерлер көшіп келмейді», – деді сарапшы.
«Яндекс» ақауы әлеуметтік мәселеге айналды
Сәтиевтің айтуынша, Қазақстанда 600–650 мыңға жуық адам «Яндекс» платформасы арқылы жұмыс істейді. Сервис істен шыққанда такси жүргізушілері төлемдерін уақытында ала алмаған, ал жолаушылар көлік шақыруда қиындықтарға тап болған.
«Бұл жолы бір IT-компанияның жұмысындағы ақаудың өзі қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін екенін көрдік. Жүргізушілер бірнеше күн бойы төлемдерін ала алмағанын айтып шағымданды. Адамдар такси шақыра алмай, жұмысқа жете алмай қалды», – деді ол.
Сарапшы мұндай жағдайлардан кейін компанияның жұмысын жан-жақты талдап, негізгі техникалық инфрақұрылымын Қазақстанға көшіру мәселесін қарастыру қажет деп есептейді. Сондай-ақ ол елдің «Яндекс» сияқты шетелдік цифрлық платформаларға қаншалықты тәуелді екенін қайта бағалауды ұсынды.
Сәтиев «Яндекс» сияқты сервистерді аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің тізіміне енгізу мүмкіндігін де қарастыруды ұсынды.
Сұхбатты YouTube-арнамыздан көруге болады.