Wildberries қазақстандық кәсіпкерлерге өтемақы төлеу мәселесін министрлікпен талқылады

Wildberries компаниясы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуде Ресейдегі Wildberries логистикалық нысандарына жасалған шабуылдардан зардап шеккен қазақстандық сатушыларды қолдау мәселесі талқыланды.

Фото: Depositphotos

Астана, NEGE. Кездесуде логистикалық тізбектерді жаңа жағдайға бейімдеу және зардап шеккен сатушыларға өтемақы төлеу мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Қазақстан – біз үшін басым бағыттардың бірі. Біз елдегі платформаны дамытуға инвестиция салуды, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауды және электрондық сауда нарығын нығайтуды жалғастырамыз. Wildberries үшін серіктестерді ел-елге бөлу жоқ. Логистикалық нысандарда тауарлары зардап шеккен қазақстандық сатушыларға да барлық қолдау мен өтемақы шаралары толық көлемде төленеді», – деді Wildberries компаниясының инновациялар және экожүйені дамыту департаментінің директоры Евгений Этин.

Компания өкілдерінің айтуынша, өтемақы төлеу расталған деректер негізінде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Алғашқы кезеңде 88 мыңнан астам сатушы қолдау төлемдерін алды. Оның ішінде тауар қоры аз кәсіпкерлер де бар. Сонымен қатар компания сақтау, логистика қызметтеріне жеңілдетілген тарифтер ұсынып, жеңілдіктерді субсидиялау бағдарламасын іске қосқан.

Өтемақының екінші кезеңі 97 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілін қамтыды. Бұған дейін алғашқы қолдау төлемін алған кәсіпкерлер де осы кезеңге енгізілген. Компания оқиғалардың салдарын толық бағалағаннан кейін қосымша төлемдер тәртібін бекітетінін хабарлады.

Кездесу қорытындысында тараптар зардап шеккен кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету және қазақстандық кәсіпкерлердің сауда көлемін сақтап қалу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Компанияның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Wildberries платформасында 120 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер тіркелген. Ал олардың экспорт көлемі бір жыл ішінде 62 пайызға өскен.