Вова ағаны көмекке шақырамыз: «Европа Плюс Қазақстан» радиосының жүргізушісі жұмыстан қуылды

«Европа Плюс Қазақстан» радиосы атышулы жүргізуші Любовь Панованы  жұмыстан шығарды.

Алматы, NEGE. Жүргізуші әлеуметтік желіде ұлтаралық араздық тудыратын пікір жазып қалдырған.

Бұған дейін аталған радио  Любовь Панованың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында айтқан "Вова ағай" туралы сөзіне пікір білдіріп, оның ұстанымының радиостанцияның саясатына еш қатысы жоқ екенін айтқан еді.  

Бұл ретте ретте радиоарна аталған қызметкердің көпшілік алдында айтқан мәлімдемелері компанияның тәртіптік комитетінде қаралатынын атап өткен.

Любовь Панова  «Да здравствует Россия» жазбасының астына өз пікірін қалдырған. Желі қолданушыларымен сөз таластырып қалған Панова: «Көп еркінси берсеңдер, Вова ағаны көмекке шақырамыз... Қаңтарда арттарыңды кім жапқанын ұмытып қалғансыңдар ма?», - деп пікір білдірген.

Бір күн бұрын Любовь Панова өзінің фейсбук парақшасына ақырып тұрған аюдың суретін салып, пікір қалдыру тетігін жауып тастаған. 

Естеріңізге сала кетсек, «Европа Плюс Қазақстан» радиосы ресейлік коммерциялық радиостанцияның филиалы. Оның бас кеңсесі Мәскеу қаласында орналасқан.