Владислав Челах: «Арқанкергеннің» құпиясын ашуға дайынмын
«15 жауынгер мен қорықшыны өлтірді» деген айып тағылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав ЧЕЛАХ президентке хат жазды. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Челахтың хатын редакцияға туыстары әкеліп берген көрінеді. Хатта былай дейді: «Құрметті президент, оқиғаның болғанына бірнеше жыл өтсе де, мен әлі де бұл трагедияның құпиясын ашуға дайынмын. Кінәлілердің бәрі тиісті жазасын алуы керек. Мен көп нәрсе сұрамаймын, тек мені тыңдап, мүмкіндік беруді ғана сұраймын.
Оқиғаның қалай болғанын айтқым келеді және оған дайынмын. Шындықтың ашылуына мүдделі тергеушілерге түсініктеме беруге дайынмын. Трагедияның шынайы картинасы ашылмаған күйінде қалды».
Сондай-ақ, Челах хатында «өзі жасамаған қылмысы үшін» өмір бойына түрмеде отыру жазасына кесілгенін жазған.
Челахтың туыстарының айтуынша, хат президент Қ.Тоқаевқа электронды түрде жіберілген. Хатты қарау мерзімі алдағы жылдың қаңтарына келуі мүмкін.
Естеріңізге салайық, 2012 жылы 28 мамырда Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адам қаза тапты. Олардың он төрті – шекарашы, біреуі – қорықшы.
Бұл дақпыртты іс бойынша солдат Владислав Челах айыпты деп танылып, өмір бойына сотталған еді.
В.Челах қазір Қостанай облысының Жітіқара ауданындағы атышулы «Қара бүркіт» түрмесінде жазасын өтеп жатыр.