Владимир Путин Пасхаға байланысты Украинамен уақытша бітім жариялады
Ресей Президенті Владимир Путин Украинаға қатысты 1,5 күндік «пасхалық бітім» жариялады.
Астана, NEGE. Бітім жөнінде Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының шешімімен, жақындап келе жатқан православиелік Пасха мерекесіне байланысты 2026 жылғы 11 сәуір сағат 16:00-ден 12 сәуірдің соңына дейін бітім жарияланады», – делінген хабарламада.
Қорғаныс министріне, Бас штаб бастығына және әскери қолбасшылыққа осы кезеңде барлық бағыттар бойынша әскери әрекеттерді тоқтату тапсырылды.
«Әскерлер қарсы тараптың ықтимал арандатулары мен кез келген агрессивті әрекеттерінің жолын кесуге дайын болуы тиіс. Украина тарабы да Ресей Федерациясынан үлгі алады деп есептейміз», – делінген Кремль хабарламасында.
Пасхаға байланысты бітім жариялауды бұған дейін Владимир Зеленский ұсынған еді. Кремль мәлімдемесінен кейін Зеленский Украина да атысты уақытша тоқтататынын айтты.