Вице-президент жаңа Президент сайланғаннан кейін қызметінен автоматты түрде кетпейді
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президент институтын енгізу мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталғанын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Министрдің айтуынша, вице-президент дербес мемлекеттік органды басқармайды және тек Президент атынан өкілдік етеді.
«Осы ұстанымды ескере отырып, жаңадан сайланған Президенттің алдында вице-президенттің өкілеттігін автоматты түрде тоқтату қажет деп санамаймыз», – деді Сәрсембаев.
Сонымен қатар Ерлан Сәрсембаев вице-президенттің қандай міндет атқаратынын Президенттің өзі белгілейтінін айтты. Оның сөзінше, вице-президент Мемлекет басшысының атынан Құрылтаймен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізеді.
«Вице-президент – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындайтын тұлға. Ол Президенттің мүддесін қорғайды. Сондықтан оның өкілеттігін де Президенттің өзі айқындайды», – деді министр.
Сәрсембаевтың айтуынша, вице-президенттің нақты міндеттері Президенттің арнайы жарлығымен бекітіледі.