24 января 2026 г. 14:56

Вице-президент саяси партияның мүшесі болмауы тиіс

Фото: Конституциялық Сот

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Ержан Жиенбаев вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды.

Астана, NEGE. Вице-президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.

Вице-президентті қызметінен Президент босататын болады.

Вице-президент:

– Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;

– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.

Сонымен қатар Вице-президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Вице-президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.

Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.

Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.

Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.