Вице-президент, Құрылтай төрағасы: Ұлттық пантеонға жерленетін тұлғалар тізімі жаңартылды

Үкімет қаулысымен Ұлттық пантеон туралы ережеге өзгерістер енгізілді.

Ерлан Сәкенов/yvision.kz

Астана, NEGE. Ережедегі жаңа өзгерістерге сәйкес, Ұлттық пантеонда жерленуге құқығы бар тұлғалар тізіміне Қазақстанның вице-президенттері, премьер-министрлері мен олардың орынбасарлары енгізілді. Сондай-ақ Құрылтай мен Қазақстан Халық кеңесінің төрағалары және олардың орынбасарлары да осы санатқа қосылды.

Бұдан бөлек, тізімде Парламент палаталарының төрағалары мен орынбасарлары, мемлекеттік хатшылар, мемлекеттік кеңесшілер, Президент Әкімшілігінің басшылары, конституциялық кеңес, конституциялық сот, жоғарғы сот және Ұлттық банк төрағалары, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарлары көрсетілген.

Министрлер, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері де Ұлттық пантеонда жерленуі мүмкін.

Сонымен қатар Президенттің ерекше шешімімен Қазақстанның өзге де азаматтарын пантеонда жерлеуге рұқсат етіледі.

Қаулыға сәйкес, Ұлттық пантеонда жерлеуді ұйымдастыру марқұмның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің бастамасымен іске асырылады. Бұл жұмысты астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.

Үкімет қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.