Vietjet Qazaqstan Ресейге ұшатын рейстерін уақытша тоқтатты
Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы 9 шілде мен 20 шілде аралығында Астана – Омбы – Астана бағыты бойынша ұшатын рейстерін уақытша тоқтатты. Бұған Ресей аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарының белсенділігі себеп болды.
Астана, NEGE. Әуе компаниясы Омбыға сапарлауды жоспарлаған жолаушыларға балама бағыт ұсынған. 14 шілдеден бастап жолаушылар Астанадан Петропавл қаласына әуе рейсімен жетіп, ары қарай сапарын автобуспен жалғастыра алады. Кері бағытта да осыған ұқсас тасымал нұсқасы ұйымдастырылады.
«Жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі – Әуе компаниясы үшін басты міндет. Бұл шешім ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ рейстердің ұзақ кідіруі мен кесте өзгерістерінің қаупін азайту мақсатында қабылданды. Кейінгі рейстердің орындалуы туралы ақпарат жағдайдың дамуына қарай жаңартылып отырады», – делінген хабарламада.
Компания жолаушыларға Омбыға дейін не кері бағытта алған әуе билетінің құнын толық қайтарып алуға болатынын хабарлады. Сонымен қатар тоқтатылған рейстің әрбір жолаушысына Vietjet Qazaqstan рейстерімен болашақта ұшуға арналған 10 мың теңге номиналды ваучер автоматты түрде берілмек.