VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңімпазға қатысты дауға нүкте қойылды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орын иеленді.

instagram.com/turizm_sport_ministrligi

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді. Оның айтуынша, командалық есепте медальдарды санау кезінде техникалық айырмашылық туындаған.

«Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медалін жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!», – деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Қырғызстан тарабы медальдар есебі спорттың құрамдас бөліктерінің бірі ғана екенін, ал бұл ойындардың басты жеңісі – жарыстарды өзара құрмет пен адал бәсекелестік рухында өткізу екенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды нәтижесіне қатысты дау туған болатын. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі қазақстандық спортшылар 74 медаль – оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлдемен бірінші орын, Қырғызстан екінші орын алды деп мәлімдеді. Ал Қырғызстан тарабы жариялаған кестеде қырғыз елі 30 алтын медальмен бірінші, ал Қазақстан 29 алтын медальмен екінші орын алғаны көрсетілді.

Бұл нәтиже желіде қызу талқыланып, спортшылар мен жанкүйерлер арасында түсініспеушілікке әкелді. Көшпенділер ойындарының Instagram желісіндегі аккаунтында жарияланған кесте көп ұзамай өшіріліп, кейін қайта жарияланды, артынша тағы да өшірілді. Қырғызстанды жеңімпаз ретінде көрсеткен кесте ресми сайттан да өшіріліп, онда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдық есебі Ойындар хатшылығынан түпкілікті ақпарат түскеннен кейін жарияланатыны хабарланды.