VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды
Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ойын қорытындысын шығарды.
Астана, NEGE. Министрлік ақпаратынша, қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, 7 алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады.
«Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз әрі жүлдегер атанды», – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Алайда қырғыз тарапы ұсынған, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми парақшасында жарияланған қорытынды нәтиже ел арасында дау туғызды. Онда Қырғызстан 30 алтын медальмен бірінші, ал Қазақстан 29 алтын медальмен екінші орын алғаны көрсетілді.
Ойындардың Instagram желісіндегі аккаунтында жарияланған кесте көп ұзамай өшіріліп, кейін қайта жарияланды, артынша тағы да өшірілді. Қырғызстанды жеңімпаз ретінде көрсеткен кесте ресми сайттан да өшіріліп, онда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдық есебі Ойындар хатшылығынан түпкілікті ақпарат түскеннен кейін жарияланатыны хабарланды.
«Қорытынды кесте ресми расталғанға дейін жарияланбайды. Жарыс нәтижелері мен спорт түрлері бойынша берілген жүлделер тиісті бөлімдерде қолжетімді», – делінген сайттағы ресми хабарламада.
Бұл жағдайға қатысты Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі де мәлімдеме жасады.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, елдер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және дәріптеу, мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң.
Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекелесуіне емес, елдерді ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегіне біріктіруге негізделген», – делінген мәлімдемеде.
Қырғыз елінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты.