«Версу Трейдинг» Алматы мектептеріне планшетті қанша теңгеден алған?
Nege.kz порталына көпбалалы ата-аналар Алматы қалалық Білім басқармасының оқушыларға берген планшетінің сапасыздығы жөнінде шағымданған еді. Бұл жөнінде біз Алматы қалалық Білім басқармасына ресми сауал жолдағанбыз. Жауап кешігіп жетті.
Онда «Біздің қолымызға тиген планшеттің сапасы нашар. Жады өте аз. Істеуін істейді, бірақ арасында қатып қалады. Планшеттің ішінде WhatsApp-тан басқа ештеңе жоқ, соның өзінде «Онлайн мектептің» өзіне кіруге әлі жетпейді. Планшет алған басқа мектептің ата-аналары да осындай шағым айтып жатыр» деген еді төрт баланың анасы.
Қашықтан оқытуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәсілдерін қолдану арқылы 1 319 999 780 теңге сомасына планшеттер (60 000 теңгеден 22 000 дана) алу бойынша биылғы жылдың 1 қыркүйегінде Алматы қаласы Білім басқармасы мен «Версу Трейдинг» ЖШС арасында №323 келісім шарт жасалған.
Бір қызығы, Алматы қаласындағы мектеп басшылары дәл осы планшеттің бағасы 60 мың теңге тұрады деген. Алайда, ата-аналар 60 мың теңгеге жады 1 гб емес, 32 гбайт жақсы планшет сатып алуға болатынын айтады. Себебі, ертеңгі күні істемей қалса немесе бала сындырып алса, 60 мың теңгені ата-ананың мойнына іліп қоятыны бар.
«Бізге жауапкершілікпен берген соң, бағасын білуге құқымыз бар. Мектеп директорынан сұрап едік, сол 60 мың теңгенің шамасында деді. Бірақ бұл планшет 60 мың теңге тұрмайды. Кейбір IT мамандарының айтуынша, дәл осы планшетті барахолкадан 20 мың теңгеге алуға болады екен. Одан да әр мектепке ақшасын берсе, сол ақшаға өздері-ақ планшет сатып алатын еді ғой. Егер құны әрі кетсе 30 мың теңге тұратын планшет беріп, құнын 60 мың теңге деп жарияласа, бұл жерде бір шикілік бар», – деген тағы бір ата-ана.
Білім басқармасының баспасөз хатшысы Қуандық Ешіметке хабарласқанымызда: «Бұл – елдің айтып жатқан өсегі. Ол планшет неге сынады? Егер де істемей қалса, мектеп директорына апарса, орнына басқасын береді. Болды», – деп жауап берген.
Алайда, құны 22 мың 500 теңге тұратын планшетті 60 мың теңгеге бағалап жүрген кім? Алматы қаласындағы мектеп оқушыларының қашықтан оқуын қамтамасыз етуді қандай компания мойнына алды? Ол үшін тендерден қанша ақша ұтты?
Біз бұл жөнінде Білім басқармасына бір ай бұрын ресми сауал жолдаған едік. «Поштаға келген жоқ, көрмей қалдық. Қазір бұл тақырып ескірді ғой» деп әрең жіберген жауабы төмендегідей.
«Алматы қаласының Білім басқармасы Nege.kz порталы жіберген мектеп оқушыларына қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін алынып жатқан планшеттерге қатысты сұрағын қарап, келесі ақпаратты жолдайды.
Планшеттерді пайдалану барысында түрлі ақаулар анықталуда (зарядталмайды, экраны қатып қалады, өндіру кезіндегі ақаулар). Қазіргі уақытта барлық ақаулары бар планшеттер жеткізушімен ауыстырылып берілуде (кепілдік мерзімі 12 ай). Планшеттердің техникалық талаптарға сай келуін тәуелсіз сараптау мақсатында құрамына эксперттермен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілген тәуелсіз жұмыс тобы құрылды.
Жүргізілген сараптама барысында планшеттерде кездесетін ақаулар заводта өндіру кезінде және техниканы ұқыпсыз ұстап физикалық әсер ету екендігі анықталды. Қашықтан оқытуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәсілдерін қолдану арқылы 1 319 999 780 теңге сомасына планшеттер (60 000 теңгеден 22 000 дана) алу бойынша ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Алматы қаласы Білім басқармасы мен «Версу Трейдинг» ЖШС арасында №323 келісім шарт жасалған. Егер оқушы абайсызда сындырып алған жағдайда ата-анасы планшетті мектепке өткізеді, бірақ ақысы талап етілмейді».
Бұл шынында да 60 мың теңге тұратын планшет пе? Ата-аналар баласының қолына тиген планшеттің «Youve TK10gsm» деп аталатынын және Alibaba.com сайтында 22500 теңге деп тұрғанын айтқан жоқ па? Сонда тендерді ұтқан «Версу Трейдинг» ЖШС планшетті 60 мың теңгеге қайдан алды?
P.S. Айтпақшы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласында қашықтан оқыту үшін мектеп оқушыларына таратылған 1119 планшеттің жарамсыз болып шыққанын мәлімдеген. Іле-шала Білім басқармасы «Бұл бұйымдарды жеткізушіге қайтардық» деді. Осыдан-ақ «Версу Трейдинг» ЖШС сатып алған планшеттің сапасын бағамдауға болатын сияқты.