10 марта 2026 г. 15:35

Ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал: Атырауда түгел бір отбасының қазасына не себеп болды

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі Атырау облысының Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен отбасыға қатысты қылмыс ашылғанын мәлімдеді. Іс-түссіз жоғалған төрт адамның төртеуі де өлі күйінде табылды.

Астана, NEGE. 2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы Масот Қарабалин, оның 64 жастағы жұбайы Нәсіп Утешкалиева, сондай-ақ олардың балалары – 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев пен 35 жастағы Мирамгүл Қарабалина жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.

Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Осыған байланысты олардың барлығы хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. 

Тергеу барысында қаза тапқан адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерден көмілген күйде табылған. 6 қаңтар күні үйдің шаруашылық құрылысының ішінен ерлі-зайыпты екеуінің мәйіттері анықталды. Ал 9 наурызда күдікті Атырау қаласында жалдап тұрған үйдің ауласын тексеру кезінде Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері табылды.

Бұл қылмысқа күдікті ретінде отбасының 29 жастағы бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев ұсталды. Ол Индонезия аумағында қолға түскен. Оның жанында бұрынғы жұбайы – қаза тапқан ерлі-зайыптылардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева да болған.

Ұсталғаннан кейін ер адам өз кінәсін мойындаған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде. Іс министрліктің бақылауында», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Сондай-ақ отбасының кіші қызының бұл іске қатысы бар-жоғы да тексеріліп жатыр. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалып, медициналық мекемеге жіберілген.