24 декабря 2025 г. 15:25

Үйге қайтқысы келген: Алматыда бомба жайлы хабарлаған оқушылар ұсталды

Фото: pixabay.com

Алматы полициясы оқушылардың терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату фактісін анықтады.

Астана, NEGE. Полиция мәліметінше, бұл жағдай қаладағы №10 орта мектепте болған. Үш жасөспірім бұзақылық ниетпен оқу процесін бұзғысы келіп, білім беру мекемесінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. 

Тексеру нәтижесінде хабарлама расталмады, қауіптің жалған екені анықталып, қылмыстық іс қозғалды.

Жасөспірімдердің бұл әрекетті саналы түрде жасағаны белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ретінде олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Терроризм актісі туралы кез келген жалған хабар құқықбұзушылық болып саналады және заң алдында жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайларда жедел қызметтер жұмылдырылады, сабақтар тоқтатылады, білім беру ұйымдарының қалыпты жұмысы бұзылады», – ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полицейлер ата-аналарды балалардың бос уақытын, араласатын ортасын және интернеттегі белсенділігін бақылауға, сондай-ақ мұндай әрекеттердің жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады.