Усть-Лугадағы жаппай төбелес: қазақстандық жұмысшылармен болған жағдай реттелді
Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга порты маңында болған жаппай төбелеске қатысты қазақстандық жұмысшылар пікір білдірді.
Астана, NEGE. Прораб Сәуірбек Бекжанов видеоүндеу жасап, жанжалдың тек тұрмыстық сипатта болғанын растады.
«Қазақстан азаматтары мен күзет агенттігі қызметкерлері арасында түсініспеушілік болып, соңы жаппай төбелеске ұласты. Қаза тапқандар болған жоқ, ешкім ауыр жарағат алған жоқ», – деді ол.
Оқиға орнына Қазақстан елшілігінің өкілдері мен консул жедел түрде барды.
Барлық мәселе заң аясында шешілді.
Адам Делимханов та бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жанжалды ұлтаралық қақтығыс ретінде көрсетуге еш негіз жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Усть-Лугадағы құрылыс алаңында Қазақстан азаматтарының қатысуымен жаппай төбелес болып, салдарынан ондаған адам ұсталғанын жазған едік. Желіде оқиғаның видеолары тарады. Бұл жайтқа Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі пікір білдіріп, вахталық кентте болған «тұрмыстық сипаттағы оқиғаға» Қазақстан азаматтары да қатысқанын растады.