15 ноября 2022 г. 14:29

Үшемнің анасы: Қасым – қайсар, Жомарт – жуас, Кемел – қырсықтау...

Фото:

Елордада Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшем өмірге келді. Кеше ғана оларды анасымен бірге №2 көпбейінді ауруханадан жақындары сән-салтанатпен шығарып алды.

Айта кетсек, сәбилердің әкесі Сәбит тіс дәрігері, ал анасы Марал жұбайының жанында медбике боп жұмыс істейді. Ал дүниеге келген үшем – жас ата-ананың көптен күткен тұңғыштары. Президент есімін алған перзенттердің жайын білмекке NEGE тілшісі анасы Марал СОППЕККЕ хабарласты.

– Сәбилердің бауы берік болсын! Қазір жағдайларыңыз қалай?

– Бәрі жақсы, рақмет. Үйімізге кеше келдік. Жанымызда әжеміз бар. Барлығы қуанып жатыр.

– Үш жыл күттірген үшемдер туралы естігенде қандай сезімде болдыңыздар?

– УЗИ бастапқыда маған егіз деп айтқан. Екі аптадан соң қайта барғанымда «егіз емес, үшем екен» деді. Бірақ аса қатты алаңдағаным жоқ.

– Қателеспесем, сәбилердің салмағы аз боп, ерте туылды ғой?

– Иә, ерте, 7 айлығында босандым. Бастапқы салмақтары 1130, 1100, 970 грамм болды. Сосын оларды жан сақтау бөліміне алып кетті. Екі баламды ол жақтан 3 күннен соң шығарды, ал ортаншы балам сонда бір ай жатты. Ваккум, жеке палата бәрін қосқанда ауруханада екі ай болдық қой.

– Алғашқы сәбидің атын қоюға бәрі таласады ғой. Әкесі немесе өзіңіз қойғыңыз келген есімдер болып па еді?

– Жоқ, бұл туралы мүлде ойланған жоқпыз. Өйткені атасы қоятынын білдік.

– Атаңыздың Қасым, Жомарт, Кемел деп есім берудің себебі не?

– Немерелері президентіміз сияқты үлкен азамат болсын деген ырыммен қойған болуы керек. Естіген кезде ешқандай қарсылық білдірген жоқпын. Қайта қуандым. Үшеуінің президентіміз сияқты болғанын қалаймын.

– Үшеуі бірдей ел басқарсын дейсіз бе?

– Енді, пешенесіне жазылғанын көреді ғой. Кім болса да, аман-сау, денсаулығы мықты болсын. Әрбір ата-ананың тілегі сол ғой.

– Сәбилер екі ай бұрын өмірге келсе де, президент есімін иеленген үшем туралы ақпарат кеше ғана тарады. Мұның сайлау науқанына қатысы бар ма?

– Балаларым 17 қыркүйек дүниеге келді. Бірақ осы уақыт бойы ешкімге айтқан жоқпыз. Кеше ауруханадан шықтық қой. Содан білген болар. Әйтпесе әлі кішкентай ғой, «көз тиеді» деп, инстаграмға, еш жерге салмай, жасырып жүрген едік.

– Үшеуінің мінезі үш түрлі деп айтыпсыз. Анасы ретінде қандай сипаттама бересіз?

– Біріншім Қасым өзінің атына сай қайсар, Жомарт жуастау, ал Кемел кішкене қырсықтау.

– Жалпы, қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын сәбилеріне қою сәнге айналғандай. Жазда да Ақтөбеде туылған үшемге осы есімдер берілді. Бұл туралы естіп пе едіңіз?

– Жоқ, оны бұған дейін естімегем. Кеше ғана білдім.

– «Президенттің атын алғаны үшін, әрі үшем болғаны үшін үй беру керек, сәбилерге сыйлық беру керек» деп жатыр. Сізге мұндай ұсыныспен хабарласқандар болды ма? Мысалы, әкімдіктен. Өйткені бұл жаңалықпен алғаш боп Астана әкімдігінің сайты бөлісіпті.

– Жоқ, ондай ешқандай ұсыныс болған жоқ. Ешкім хабарласпады.

Тегтер: