Ұшақ апатынан әріптесіміз көз жұмды
Informburo.kz порталының шығарушы редакторы Дана Круглова бүгін ұшақ апатынан көз жұмды. Ол Bek Air компаниясының Талғар маңына құлаған ұшағындағы 93 жолаушының бірі болған...
Алматы, NEGE. Порталдың жазуынша, журналистің бұл сапарға шығу-шықпауы екіталай болған екен. Өйткені Алматыда жұмыс барысымен кездесулер жоспарлаған. Алайда Дана Жаңа жылды Нұр-Сұлтанда – әке-шешесімен бірге қарсы алуды жөн көріп, соңғы сәтте ғана ұшуға бел байлаған.
«Дана – нағыз журналист еді. Оның жазған мақалалары қоғамда қызу талқыға түсетін. Барлық қызметкерлерге үлгі еді. Қаңтар айында Дана шығарушы редактор болып тағайындалды. Желтоқсанда зерттеу бөлімінің жетекшісі болды. Шыншыл, батыл, әділ әріптесіміз еді. Бұл қайғы бәрімізге ауыр тиді» деді порталдың бас редакторы Михаил Дорофеев.
Дана Круглова 1984 жылы 8 сәуірде туған. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 2016 жылдан бері Informburo.kz порталында жұмыс істеген.
Nege.kz порталының редакциясы әріптесіміз Дана Круглованың мезгілсіз қазасына байланысты туған-туыстарына және Informburo.kz порталындағы әріптестерге қайғырып көңіл айтады.