Үш зауыт, 510 жұмыс орны: индустриялық хаб өңір экономикасына серпін бере ала ма?

Осыдан бір ай бұрын Орал өңірінде құны $130 млн болатын Еуразиялық индустриялық-логистикалық хабтың құрылысы басталды. Жобаның басты мақсаты – Батыс Қазақстан өңірін  Қытай, Орталық Азия, Ресей және Еуропа арасындағы сауда бағыттарының маңызды ойыншысына айналдыру. Бұл ауқымды бастама өңір экономикасына қаншалықты оң серпін береді? Саралап көрдік.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Аумағы 20 гектарды қамтитын жобаның бастамашылары – Eurasia Holding Group құрамына кіретін «Jinone Excellence Investment» ЖШС. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық-логистикалық хаб – үш өндірістік кәсіпорын мен кеден қоймасын салуды көздейді. Бұл өңірді қосымша 510 тұрақты жұмыс орнымен қамтасыз етеді деген сөз.

Нақтырақ айтқанда, хабтың аумағында жылына 30 мың тоннаға дейін металл конструкцияларын өндіретін зауыт, жылына 60 мың данаға дейін құрылыс қалыптарын шығаратын кәсіпорын және жылына 250 мың бумаға дейін BV типті кабель өндіретін зауыт орналасады. Жоспар бойынша, нысан 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің сөзінше, облыс бүгінде елдің батыс қақпасына, сондай-ақ инвестициялық әлеуеті тұрғысынан ең тартымды өңірге айналған. 

«2023–2025 жылдары  шамамен 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды. 2026 жылдың бірінші тоқсанының өзінде инвестиция көлемі 22,4%-ға өсіп, 135 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер бизнестің өңір экономикасына деген сенімінің жоғары екенінің айғағы. Соңғы үш жылда 4,9 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша да өңір республика облыстары арасында жетекші орынды иеленді», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Расымен, бір қарағанда «Jinone Excellence Investment» компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба – өңірге жаңа өндіріс әкелетін кезекті инвестициялық жоба секілді. Дегенмен мамандар бұны өндіріс пен логистика саласын бір алаңға тоғыстыратын синергиялық модель деп бағалап отыр.

Орал – жаңа еуразиялық транзиттік аймақ

«А» класты ашық типтегі кеден қоймасы – хабтың басты артықшылықтарының бірі. Ол үшінші тараптардың жүктерін сақтауға және өңдеуге арналған. Жоба авторлары дәл осы инфрақұрылым арқылы қытайлық электронды коммерция компанияларының, ресейлік трейдерлердің және еуропалық жүк жөнелтушілердің жүктерін өңдеуді жоспарлап отыр.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов та жобаның осы тұсын ерекше атап өтті.

«Батыс Қазақстан облысының транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту тұрғысынан алғанда, бұл – өте маңызды жоба. Облыс Ресейдің бес өңірімен шектессе де, аймақта дәл мұндай қоймалық және логистикалық қуаттар жоқ. Мамандардың пікірінше, жаңа хаб өңірдің транзиттік әлеуетін едәуір арттырып, халықаралық жүк тасымалының көлемін ұлғайтады. Бүгінде бұл – өңірде жүзеге асырылып жатқан ең ірі инвестициялық жобалардың бірі», – деді Сұлтанғали Кенжекұлов.

Жобаның Орал өңірінде басталғаны – кездейсоқ таңдау емес. Өңірдің географиялық орналасуы жобаның стратегиялық мақсатына сай: Батыс Қазақстан арқылы ішкі нарыққа да, көршілес Ресейге де, тіпті Еуропа бағытына да төте жол ашылмақ. Осы себептен де, хабтың ұзақ мерзімді мақсаты – Қытайдан келетін тауарлар мен өндірістік ағындарды Орталық Азия, Ресей және Еуропа бағыттарымен байланыстыратын инфрақұрылымдық буын деңгейінде қалыптастыру.

Жаңа экономикалық байланыстар

Жоба аясында 510 тұрақты жұмыс орны ашылады. Дегенмен бұл экономикалық перспектива инвестициялық жобаның шынайы әлеуетін толық көрсетпейді.

Жаңадан ашылатын үш зауыт өңірде жергілікті тасымалдаушыларға, сервистік компанияларға, құрылыс және логистика саласындағы кәсіпорындарға қосымша сұранысты арттырмақ. Ал өндіріс көлемі артқан жағдайда жеткізу, сақтау, жөндеу, қызмет көрсету және тасымалдау бағыттары дамып, жаңа экономикалық байланыс қалыптасуы ықтимал. 

Экономиканы әртараптандыру жолы

Батыс Қазақстанның негізгі экономикалық табысы мұнай-газ секторына тәуелді. Сондықтан шикізаттық өндірістен бөлек, өңдеу өнеркәсібін жолға қою өңір экономикасының динамикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.  

Жоба аясында шығарылатын өнімдердің де нарықтағы салмағы жоғары. Металл конструкциялары, құрылыс қалыптары мен кабельге ішкі нарықтағы инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар тарапынан сұраныс тұрақты. Өндіріс қуаты сәтті игеріліп, өнімнің белгілі бір деңгейі шет мемлекеттерге экспортталған жағдайда, аймақтың экспорттық әлеуеті жаңа деңгейге көтерілмек.

Сапалы тауар өндіруден бөлек, оны тұтынушыға жылдам әрі арзан жеткізе білу – кәсіпорынның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтыны анық. Сол себепті, логистикалық хабтың инфрақұрылымы – маңызды фактор. 

Орал жаңа экономикалық өсу нүктесіне айнала ала ма?

Әрине, өңірдің географиялық артықшылығы оны өздігінен халықаралық логистикалық хабқа айналдыра алмайды. Ауқымды межеге жету үшін, ең алдымен, көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру, тұрақты жүк ағынын қалыптастыру, кедендік рәсімдерді жеңілдету және халықаралық тасымалдаушылармен берік серіктестік орнату қажет. Дегенмен өндіріс пен логистиканы бір алаңда шоғырландыру – үлкен стратегиялық мақсаттың алғашқы әрі маңызды алғышарты.

Егер хаб жоспарланған өндірістік қуатына шығып, тұрақты халықаралық жүк ағынын қалыптастыра алса, оның әсері үш зауыт пен 510 жұмыс орнынан әлдеқайда өсуі мүмкін. Мұндай жағдайда Орал үшін жоба кезекті инвестициялық нысаннан өңір экономикасын әртараптандыратын және қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын жаңа өсу нүктесіне айналуы мүмкін.

Ал оның нақты нәтижесін жобаның толық іске қосылып, өндіріс пен логистикалық қуаттардың қаншалықты тиімді пайдаланылатыны көрсетеді.