Үш өңір, үш дүрбелең: ҰҚК-нің жаңа төрағасы Марат Ирменов туралы не белгілі?
16 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Ирменовті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Ол бұл қызметте 2022 жылдың қаңтарынан бері отырған Ермек Сағымбаевты алмастырды. Жаңа төраға туралы не белгілі?
Астана, NEGE. Жаңа төрағаның еңбек жолына назар аударсақ, оның бірнеше мәрте елдегі ірі оқиғалардан кейін өңірлік қауіпсіздік органдарын басқаруға жіберілгенін байқауға болады.
Ақтөбедегі терактіден кейінгі тағайындау
2016 жылдың шілдесінде Марат Ирменов Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінің басшысы болып тағайындалды. Бұл кезде қалада болған қанды терактіден бері небәрі бір ай өткен еді.
Сол жылы 5 маусымда қарулы адамдар Ақтөбедегі екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасаған болатын.
Ирменовті жаңа қызметіне сол кездегі ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш таныстырды. Ол – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Тағайындау рәсіміне Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.
Арада екі ай өткенде, 2016 жылдың қыркүйегінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып Кәрім Мәсімов тағайындалды. Ирменов оның басшылығы кезінде бес жылдан астам уақыт қызмет етті.
Қордайдағы қақтығыстан кейін Жамбыл облысына ауысты
2020 жылдың ақпанында Ирменов Жамбыл облыстық ҰҚК департаментін басқаруға жіберілді. Оның бұл тағайындауы да өңірдегі қайғылы оқиғадан кейін болды.
7-8 ақпанда Қордай ауданындағы бірнеше ауылда жаппай төбелес болып, қақтығысқа ұласқан еді. Салдарынан 11 адам қаза тауып, жүздеген адам зардап шекті.
Оқиғадан кейін облыс басшылығы ауысты. Жамбыл облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Полиция, прокуратура және ҰҚК-нің өңірлік басшылары да өзгерді.
Осылайша, Ирменов пен Сапарбаев екінші рет бір өңірде қатар қызмет атқарды. Қызығы, марқұм Сапарбаев та осындай күрделі мәселелерді шеше білетін кризис-менеджер ретінде танылған.
Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы ҰҚК ғимаратын қорғады
Марат Ирменовтің қызмет жолындағы ең елеулі кезеңдердің бірі – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы. Сол кезде ол Жамбыл облыстық ҰҚК департаментін басқарған.
5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні Таразда қарулы адамдар ҰҚК ғимаратын басып алуға әрекет жасады.
Комитеттің ресми мәліметінше, шабуылға 350-ге дейін адам қатысқан. Олар атыс қаруы мен жанғыш қоспалар қолданған.
ҰҚК қызметкерлері мен Шекара қызметінің арнайы жасағы үш рет жасалған қарулы шабуылға тойтарыс берді. Алайда қақтығыс кезінде Антитеррор орталығы бөлімінің бастығы, подполковник Дастан Әділбай оққа ұшып, қаза тапты.
Кейін марқұмның ата-анасына ұлының «Айбын» ордені табысталғанда, Ирменов олардың алдында кешірім сұрады.
Ол Дастанның ерлігін атап өтіп, командирі ретінде оның өмірін сақтап қала алмағанына өкінетінін жеткізді. Бұл оқиға ҰҚК-нің өзге өңірлердегі әрекеттерімен салыстырғанда ерекше назар аудартады. Себебі Қаңтар оқиғасы кезінде бірқатар ҰҚК департаменттерінің қызметкерлері өз ғимараттарын тастап кеткен болатын.
Қаңтардан кейін Алматыдағы ҰҚК басшысы болды
2022 жылғы 13 қаңтарда Марат Ирменов Алматы қалалық ҰҚК департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Ол бұл қызметте Нұрлан Мәжіловті алмастырды. Мәжілов Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық жауапқа тартылды.
Ирменов Алматыдағы департаментті үш жылдан астам уақыт басқарды. 2025 жылдың қазанында ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Арада бір жылдан астам уақыт өткенде, 2026 жылғы 16 қарашада комитет төрағасы қызметіне көтерілді.
Тоқаев жаңа төрағаға қандай міндет жүктеді?
Марат Ирменовтің тағайындалуынан кейін Президент ҰҚК басшылығымен кеңес өткізді.
Тоқаев ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын реформалау, кадр іріктеу жүйесін жетілдіру және жемқорлықпен күресті күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ экономикалық қауіпсіздік пен елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа төнетін қатерлердің алдын алуды тапсырды.
Айта кетейік, Ирменовтің алдындағы төраға Ермек Сағымбаев 13 қарашада, яғни қызметінен босатылардан үш күн бұрын Президенттің қабылдауында болған. Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Сағымбаевтың басқа жұмысқа ауысқанын айтып түсіндіргенімен, оның отставкасына «Самұрық-Қазына» және ҚТЖ басшыларының ісі әсер еткенін жасырмады.