Үш карьер қазып, жерді бүлдірген: Қарағанды облысында заңсыз кен өндірісі тоқтатылды

Қарағанды облысында рұқсатсыз кен өндіріп, үш карьер қазғандар ұсталды. Қазір компания басшыларына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Видеодан скрин

Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігі Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС директорлары ұйымдастырған темір мен марганец кенін заңсыз өндіру жұмыстарын тоқтатты. 

Тергеу мәліметінше, кен өндіру жер қойнауын пайдалануға құқығынсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Жұмысқа жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсатқыш қондырғылар және самосвалдар тартылған.

«Өндірілген кен ұсатылып, кейін сыртқа тасымалдау және сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған. Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Жерді қалпына келтіруге 485 млн теңге қажет

Агенттік мәліметінше, қазылған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метр. Мамандардың есептеуінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.

Тергеу аясында соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды.