Баланы молда сүндеттегіні дұрыс емес – уролог

Сүндеттеу – бір қарағанда қарапайым процедура көрінгенімен, медициналық тұрғыдан хирургиялық отаға жатады. Сол себепті баланы сүндеттеуді хирургиялық дағдысы бар, уролог-мамандарға тапсыру керек. 

NEGE

Астана, NEGE.  NEGE арнасы уролог-андролог маман Азамат Сандыбайұлымен ерлер денсаулығы, репродуктивті жүйе, сонымен қатар баланы сүндеттеу, ұл баланың денсаулығы жайында сұхбат құрды

Маманның сөзінше, баланы туғаннан кейін бірден сүндеттеу медициналық тұрғыдан міндетті талап емес. Егер балада баланит, баланопостит сияқты қабыну аурулары немесе басқа да медициналық көрсетілімдер болса, сүндеттеу қажет болуы мүмкін.

«Туа сала сүндеттеу еврейлердің салтынан шыққан. Көп мемлекет соған ұқсатып жасап жатады. Ал мұсылман халқында баланы үш жастан асқаннан кейін сүндеттеген абзал деген түсінік бар. Қазақтарға келсек, азиаттарға жататындықтан, балалардың мүшесі 5 жасына қарай дамитынын ескеру керек», – дейді уролог.

Ол ата-аналар арасында баланың жыныс мүшесіне қатысты алаңдаушылық жиі кездесетінін атап өтті. Мәселен, кей жағдайда ата-аналар мүшенің ішке кіріп тұрғанын немесе толық дамымағанын байқап, бірден операция жасау қажет деп ойлайды.

Дәрігер мұндай жағдайда асықпау керегін айтады. Оның пікірінше, жыныс мүшесі кішкентай немесе ішке кіріңкіреп тұрған жағдайда оны бірден косметикалық ақау ретінде бағалап, ота жасауға болмайды. Ота бала кіші дәретке шыға алмаған немесе басқа да нақты ақаулар болған кезде қажет болуы мүмкін.

«Бірден "косметикалық дефект" деп ота жасауға болмайды. Жасырын жыныс мүшесіне ота бала кіші дәретке шыға алмаса, әртүрлі ақаулар болса жасалады. Бірақ кішкентай шығып тұрса, оны дамытуға болады. Пубертат кезеңінде өсіп кетуі мүмкін», – дейді Азамат Сандыбайұлы.

Маман сүндеттеудің нақты жасына қатысты барлық балаға ортақ қатаң ереже жоқ екенін де айтты. Оның сөзінше, баланың анатомиялық дамуын ескеру маңызды. Егер үш жасқа қарай жыныс мүшесі толық дамымаған болса, ата-ана сүндеттеуді кейінге қалдыра алады.

Сүндеттеудегі қателік ауыр асқынуға әкелуі мүмкін

Дәрігердің айтуынша, сүндет те отаға жатады. Сүндеттеу барысында қан кету, зәр шығарудың қиындауы, жыныс мүшесінің жарақаттануы сияқты ауыр асқынулар болуы мүмкін. Сол себепті сүндеттеуді медициналық білімі мен хирургиялық дағдысы бар, асқыну туындаған жағдайда жедел көмек көрсете алатын маман жасауы керек.

«Сүндеттеген бала қайтыс болып кеткен, қан тоқтамаған жағдайлар кездеседі. Сондай-ақ сүндеттеу кезінде мүшенің басын жарақаттап алып, кейін бала кіші дәретке шыға алмай қалған кездер де болған», – деді маман.

Оған қоса, маман сүндеттеу кезінде теріні шамадан тыс немесе жеткіліксіз алып тастау да проблемаға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

«Сүндеттеген кезде классикалық түрде тартып тұрып, қысып, тіле салып, тіге салғанды көп құптай бермеймін. Әр баланың мүшесі әртүрлі: кей жағдайда өлшеп, артық алып тастамай, кем кесіп тастамай сүндеттеу керек. Артық алып тастаса мүшенің өсуіне кедергі болады, кем кесіп қоятын болса мүшенің басы жабылып қалады. Соны өлшеп тұрып, дәл ортасын тауып, мүшеге сай жасаған жөн», – деді ол.

Азамат Сандыбайұлының айтуынша, процедура алдында баланың денсаулық жағдайын бағалау маңызды. Атап айтқанда, қанның ұю жүйесіне қатысты көрсеткіштерді және жалпы қан анализін тексеру, сондай-ақ дәрілік препараттарға аллергиялық реакциясының бар-жоғын анықтау қажет.

Молданың сүндеттегіні дұрыс емес

Сонымен қатар дәрігер Қазақстанда медициналық білімі жоқ адамдардың да бала сүндеттеп жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Дәрігердің пікірінше, мұндай жағдайда асқыну қаупі жоғары болуы мүмкін.

«Молданың сүндеттегені дұрыс емес. Ол уролог-андролог емес, асқынулармен күресе алмайды. Сүндет деген бір-ақ рет болатын процесс. Сол бір-ақ рет болатын нәрсенің тойын дүркіретіп жасамай, сүндетін дұрыс жасау керек. Мықты маман таңдап, маманға алдын ала алып келіп, баланы таныстырып, кеңес алған дұрыс», – деді Азамат Сандыбайұлы.

Маманның айтуынша, Қазақстанда сүндеттеу құны шамамен 15 мың теңгеден басталып, 150 мың теңгеге дейін жетеді. Ол ата-аналарға бағаны негізгі өлшем етпей, ең алдымен маманның біліктілігіне, процедура өтетін жердің медициналық талаптарға сәйкестігіне және ықтимал асқынулар кезінде көмек көрсете алу мүмкіндігіне назар аударуды ұсынды.