«ҮРКЕР-2025» ұлттық сыйлығына өтінімдер қабылдау басталды
Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «ҮРКЕР-2025» ұлттық сыйлығына өтінім қабылданады, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін байқауға медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады.
— Өтінімдер 2025 жылғы 1-20 қазан аралығында қабылданады. Конкурстық жұмыстар 2024 жылғы 12 тамыз бен 2025 жылғы 30 қыркүйек аралығында республикалық немесе өңірлік баспа және интернет-басылымдарда жариялануы, не радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына ғана қатыса алады, — делінген ведомство хабарламасында.
Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 11 номинация бойынша қабылданады:
– Жылдың үздік сұхбаты
– Жылдың үздік репортажы
– Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал
– Жылдың үздік журналистік зерттеуі
– Жылдың үздік аналитикалық материалы
– Радиостанциядағы үздік жоба
– Жылдың үздік фотосуреті
– Жылдың үздік жаңалықтар порталы
– Жылдың үздік өңірлік БАҚ
– Жылдың үздік подкасты
– Жылдың үздік YouTube-арнасы
Айта кетейік, жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен медиасарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды. Конкурс қорытындысы бойынша әр номинация жеңімпазына «ҮРКЕР — 2025» естелік мүсіншесі және 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
«ҮРКЕР» ұлттық сыйлығы — баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі.