Ұрып-соғып, үтікпен күйдірген: Шымкентте балаларына қорлық көрсеткен ана сотқа тартылды
Шымкент қаласында өз балаларын жүйелі түрде ұрып-соғып келген деп айыпталған 29 жастағы әйелге қатысты сот процесі басталды.
Астана, NEGE. Сот отырысында судьяға қатыгездік көрсетілгенін дәлелдейтін бейнематериалдар ұсынылып, жәбірленушілерден жауап алынды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Балалардың айтуынша, анасы оларды үнемі ұрып-соғып, қыздырылған заттармен күйдіріп, қауіпті жазалау тәсілдерін қолданған. Сотта әйел зорлық-зомбылық фактілерін теріске шығармады.
Жауап алу кезінде прокурор әйелдің тергеу барысында берген түсініктемелерін еске салды. Айыпталушы бір күні шанышқыны газға қыздырып, онымен баланың аузын күйдіргенін растады. Сондай-ақ ол ұлының темекі тартып тұрғанын көріп, үтікті қыздырып, оның бетін, ішін және бөксесін күйдіргенін мойындады.
Айыптардың ауырлығына қарамастан, бұрынғы енесі сотта әйелді кешіретінін айтты. Алайда іс қылмыстық іс аясында қаралуын жалғастырып жатыр.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, өкініш білдірді.
Айта кетейік, жыл басында әлеуметтік желілерде денесі жарақаттанып, күйіп қалған балалардың видеолары тараған. Кейін анасы төрт баласын жүйелі түрде ұрып-соғып келгені анықталды. Қазіргі таңда балалар мемлекеттің қамқорлығында.