27 июня 2025 г. 14:20

ҰОК мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа 2026 жылғы Олимпиадаға дайындалуы үшін грант бөлді

Фото: ҰОК

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық Олимпиадалық комитеттің болашағы зор спортшыларды қолдауға бағытталған бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастыруда.

Алматы, NEGE. ХОК-нің 2025 жылға арналған Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы аясындағы құрлықтық грант шеңберінде Қазақстан ҰОК мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты 2026 жылы Италияда өтетін Олимпиада ойындарына дайындау үшін қаржылай қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.

Бұл грант бір олимпиадалық маусымға арналған және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін бірнеше спорт түрі арасында ҰОК тарапынан бөлінеді.

Нәтижесінде қолдау мәнерлеп сырғанау, садақ ату, бадминтон және байдарка мен каноеде есу командаларына бағытталды. Бағдарлама 2025 жылдан 2028 жылға дейінгі аралықты қамтып, жылдар бойынша кезекпен қаржыландыруды қарастырады.

Олимпиадалық ынтымақтастықтың арнайы бағдарламасы аймақтық, құрлықтық және әлемдік турнирлерге, соның ішінде Олимпиада ойындарына қатысуға спортшыларды дайындауға арналған техникалық және қаржылық көмек көрсетеді. Бұл қолдау тек жаттығу процесіне, дайындық шараларына және жарыстарға қатысуға бағытталған. Грант мемлекеттік қаржы есебінен өтеу мүмкін емес шығындарды жабуға арналған.

Өткен олимпиадалық маусымда дәл осындай грант фристайл-акробатика бойынша ұлттық құрамаға берілген болатын. Бұл команда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында тарихи алтын медаль иеленді.