Үмітсіз берешекті есептен шығару кезінде кей қазақстандықты салықтан босату ұсынылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп, алаяқтық қарыздарды қоса алғанда, үмітсіз кредиттерді есептен шығару кезінде азаматтарды жеке табыс салығынан толық босатуды ұсынды.

primeminister.kz

Астана, NEGE. Бұл мәселе премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-отырысында талқыланды.

Қолданыстағы Салық кодексі бойынша есептен шығарылған борыш сомасы қарыз алушының табысы болып саналып, бұл жеке табыс салығын төлеу міндетіне алып келеді. Салықтан босату кейбір жағдайларда ғана қарастырылған.

Серік Жұманғарин банктердің коммерциялық тәуекелдері мен қарыз алушылардың қиын өмірлік жағдайларын ажырата білу қажеттігін атап өтті.

«Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар қарызын есептен шығарту кезінде ЖТС төлеуден толық босатылуы тиіс. Мұндағы мемлекеттің ұстанымы айқын. Алайда егер банк өзінің балансын оңтайландыру және провизияларды тарату үшін коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет салық түсімдерін автоматты түрде жоғалтпауы керек. Тәсіл теңдестірілген болуы керек», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Вице-премьер уәкілетті мемлекеттік органдарға егжей-тегжейлі есептеу жүргізуді, «өмірлік қиын жағдай» өлшемдерінің толық тізбесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді тапсырды. «Өмірлік қиын жағдай» ұғымында мүгедектік, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, мүлік пен кірістің болмауы сияқты жағдайлар қарастырылуы мүмкін.