«Ұмай» әйелдер ипотекасы конкурссыз берілмек

Отбасы банк пен Азия даму банкінің бірлескен «Ұмай» ипотекалық бағдарламасында конкурстық іріктеу жүргізілмейді. Өтінімдерді қарау кезінде банк қарыз алушы әйелдердің төлем қабілеттілігін бағалайды. Ал Отбасы банкіндегі жинақ депозитінің болуы қосымша мүмкіндік береді.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Отбасы банктің Алматы филиалы директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева мәлімдеді.

«Өтінімдерді қарау кезінде банк қатысушылардың табысы мен төлем қабілеттілігін бағалайды. Сонымен қатар Отбасы банкіндегі жинақ депозитінің болуы қосымша басымдық береді», – деді ол.

Кәмшат Оңалбаеваның айтуынша, бағдарламаға ресми табысы бар және кемінде соңғы алты ай бойы зейнетақы жарналары аударылған жұмыс істейтін әйелдер қатыса алады. Бұл ретте қатысушы мен оның жұбайының жиынтық айлық табысы 1,25 млн теңгеден аспауы тиіс.

Бағдарламаның жаңа кезеңін іске асыру үшін Отбасы банк пен Азия даму банкі 45 млрд теңге бөледі. Тиісті келісімге қол қойылған, ал өтінім қабылдау тамыз айында басталады деп жоспарланып отыр.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, бастапқы жарна Алматы мен Астана үшін тұрғын үй құнының кемінде 20%-ына, ал басқа өңірлер үшін 15%-ына тең болуы керек. Несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңгеге дейін, бұған қоса тұрғын үйді жөндеуге 15 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Несие 6 айдан 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Пайыздық мөлшерлеме әзірге түпкілікті бекітілмеген. Банктің болжамынша, бастапқы кезеңде ол шамамен 15% болады, ал жинақтау талаптары орындалғаннан кейін 3,5–5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Бағдарлама аясында жаңа тұрғын үйден де, егер үй 2016 жылдан ерте салынбаған болса, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға болады.

«Ұмай» бағдарламасының басты ерекшеліктерінің бірі – қатысушының жеке баспанасының болмауы міндетті талап емес. Яғни, бағдарламаға қатысушылар тек алғашқы пәтерін ғана емес, тұрғын үй жағдайын жақсартып, кеңірек баспана немесе қосымша жылжымайтын мүлік сатып ала алады. Сондай-ақ екіге дейін қосалқы қарыз алушыны тартуға және бастапқы жарнаны төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға рұқсат етіледі.