Ұлттың өркендеуі жеке бастың мәдениетімен тікелей байланысты – Ерлан Қарин
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин қоғамдағы дау-дамайларға қатысты пікірін білдіріп, ұлт сапасын арттыру жөнінде ойын ортаға салды.
Астана, NEGE. Оның пікірінше, өзін-өзі ұстау мәдениетін, жаңа қоғамдық этика қағидаттарын қалыптастыру – ұлтымыздың дамуы мен өркендеуінің негізгі алғышарттарының бірі.
«Ішкі мәдениеті мен берік адамгершілік ұстанымдары қалыптасқан қоғам ғана қазіргі заманның сан алуан сын-қатеріне төтеп бере алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің маңызын терең түсінеді. Сондықтан да, ол осы бағытқа айрықша мән беріп келеді», – деп жазды Ерлан Қарин.
Оның пайымынша, қазір қоғамдағы дау-дамайлар көп жағдайда азаматтардың мәдениетсіздігінен, дарақылығынан, әдепсіздігінен туындайды.
«Яғни, бұған адамдардың қарапайым әдеп нормаларын сақтамауы, бір-бірін құрметтемеуі себеп. Сондықтан жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру қазіргі уақыттағы ең негізгі мәселенің бірі саналады.
Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің я даудың алдын алудың бірден бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарау, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу, тазалық пен тәртіпті сақтау», – дейді Ерлан Қарин.
Ол ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес екенін әрі мұндай өзгеріске жылтырақ идеологиямен қол жеткізу мүмкін емес екенін атап өтеді.
«Сол себепті, қазір жалаң үгіт-насихатпен емес, нақты істермен айналысу тиімді. Елімізде осы мақсатқа қол жеткізу үшін Президенттің тікелей тапсырмасымен кезең-кезеңімен жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді», – дейді Қарин.
Мысалы, орта білім беру жүйесіне «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Вандализмге қарсы күрес туралы арнайы заң қабылданды. Табиғи нысандарды қорғау талаптары қатаңдатылды. Қоғамдық орындарда бетті тұмшалап жүруге қатысты заңнамалық норма енгізілді. Көшеде бейәдеп сөз айтуға тыйым салынды. Тазалық пен тәртіпті сақтауға басымдық берілді. Жол-көлік ережелерін сақтау талаптары күшейтілді. Әлеуметтік желілерде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, кемсіту әрекеттерін тоқтатуға қатысты жауапкершілік қарастырылды.
«Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруда құқықтық тетіктердің де рөлі зор. Сондықтан Ішкі істер министрлігі осы күндері хайп үшін жаға ұстатарлық әрекеттерге баратын әлеуметтік желі қолданушыларын, қауіпті пранк жасаушыларды жауапкершілікке тартып, олардың атын атап, түсін түстеп ашық көрсете бастады», – деп атап өтеді Ерлан Қарин.
Құқық бұзушыларға қатысты мұндай шараларды қолдану, Ерлан Қариннің жазуынша, өзгелерге сабақ болады.