21 октября 2022 г. 15:06

Жалпыұлттық кандидат. Партиялар мен қоғамдық коалиция неге Тоқаевты қолдайды?

Фото:

Сонымен, президент болуға үміткерлер үгіт-насихат жұмысына кірісіп кетті. Соның ішінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қолдауына ие кандидат екені даусыз. Себебі, ол әділетті һәм біртұтас Қазақстанның институционалдық негізін қалады.

Осы тұрғыда кездесетін қиындықтарға қарамастан, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, жаңа реформаларды жүзеге асыру әрекетіне бет бұрды. Ең бастысы, азаматтардың өтініштеріне жауап беруге мүмкіндік беретін «еститін мемлекет» ұғымын енгізді. Бұған дейін саяси реформалардың 5 пакеті жүзеге асырылды, партиялардың сайлау тізімдеріне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформаны жүзеге асырды дей аламыз. Мемлекет басшысының халықтың қолдауы мен қатысуының арқасында әділетті қоғамға көшудің алғышарттарына деген қадамы Қазақстанды демократиялық даму жолына әкелетіні сөзсіз.

Айта кету керек, жүзеге асқан референдум нәтижесі Қазақстан халқының президентке деген жоғары сенімін растады. Ол енгізген басты реформаның арқасында үкімет халық алдында есеп беретін болады.

Мұндағы мақсат – заң алдында бәрі тең, тек заңға ғана бағынатын демократиялық қоғам қалыптастыру. Атап айтқанда, парламенттің рөлі күшейтіліп, жергілікті әкімдерді тікелей сайлау енгізілді. Рейдерлікке қарсы құқықтық тосқауыл қойылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілді. Азаматтық бақылау институттарының рөлі артып келеді.

Демек, Қасым-Жомарт Тоқаев – Тәуелсіздік арқасында қолымыз жеткен құндылықтарды қызғыштай қорғайтын патриоттың жарқын үлгісі. Ол мәдениетті, салт-дәстүрді, тарихты ұлттық құндылық ретінде топтастыра алды. Президент ұлтымызды біріктіретін, жұртымызды жұдырықтай жұмылдыратын бірден-бір күш – қазақ тілі екенін, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыра беру мемлекеттің міндеті екенін нақты айтып жүр.  Одан бөлек жаңа облыстардың құрылып, жерді сатуға тыйым салуы да құптарлық шешім. Ол өзінің мықты адами және көшбасшылық қасиетін сын сағаты саналған қаңтар оқиғасы кезінде көрсете білді. Ел басына қиын күн туғанда зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін тексеруге мораторий жариялап, мемлекет қолдау көрсетті. Тіпті, бүгінде президентке еліміздегі ұстаз қауымының да ілтипаты ерекше. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданып, педагог мамандарының мәртебесі мен жалақысының көбейгені де қоғамдағы бір мәселенің шешімін табуына септігін тигізді. Демек, халықтың таңдауы кімге түсетіні айтпаса да түсінікті. 

   Абзал Құспан, заңгер: 

Мен және менің отбасым Жаңа Қазақстанды көргіміз келеді 

    – Мен мәймөңкелеп отырмай бірден мәселенің төтесіне көшейін. Қазіргі сайлауда билікке таласатын нақты екі күш бар. 1. Ескі билік, яғни реваншистер, 2. Қазіргі Тоқаев билігі. Алғашқысында үлкен капитал, қаражат болса, Тоқаевтың қолында мемлекеттік билік бар.

Тартыс негізі осы екі күштің арасында өтеді. Басқа екінші, үшінші, төртінші күш жоқ, ол факт! Сондықтан, мен ескі Қазақстанның барлық құйтырқысын көрудей-ақ көрдім, сондықтан ол кезеңге қайта оралғым келмейді! Мен және менің отбасым Жаңа Қазақстанды көргім келеді, әділетті Қазақстанда тұрғым келеді!

Сол себепті осы сайлауда мен өз даусымды Қасым-Жомарт Кемелұлына беремін! Сөз соңында айтарым, Тоқаевқа қарсы кез келген әрекет, автоматты түрде реваншистердің пайдасына болмақ, шешім қабылдар сәтте осыны ескерсеңіздер!

Тегтер: