Ұлттық сараптама орталығы бірдей қызметке әртүрлі баға ұсынған

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы жұмысында заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлады.

yandex.kz

Астана, NEGE. Тексеру барысында өлшем құралдарын тексеру қызметтерін ұсынатын компанияның объективті негізсіз әртүрлі баға ұсынғаны анықталған. 

«Бірдей жабдықты салыстырып тексеру құны тапсырыс берушіге байланысты әртүрлі болған, ал баға белгілеу бекітілген прейскурант негізінде жүзеге асырылмаған», – делінген Агенттік хабарламасында.

Осылайша Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының әрекеттерінен Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 2) тармақшасында көзделген үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталған.

«Осыған байланысты Департамент Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес "ҰлтССО" АҚ-ның атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолдады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ұлттық орталық заңбұзушылықты жою үшін шаралар қабылдады.