Ұлттық мұражайда шеберлік пен тарих үндескен көрме өтті
Ұлттық мұражай қабырғасында белгілі қолөнер шебері Ерғазы Исатаевтың «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты жеке көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Астана, NEGE. Бұл тағылымды мәдени шара шебердің 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, оның көпжылдық шығармашылық жолын, ұлттық өнерге қосқан үлесін жан-жақты таныстыруды мақсат етеді. Көрме арқылы келушілер қазақтың дәстүрлі қолөнерінің терең тамырын, ұста өнерінің мән-маңызын және оның бүгінгі күнмен сабақтастығын айқын сезіне алады.
Аталған көрме Ұлытау облысы тарихи-археологиялық музейімен бірлесіп жүзеге асырылды. Экспозиция мазмұнына шебердің жеке қорындағы туындылармен қатар музей қорында сақталған құнды жәдігерлер де енгізілген. Бұл өз кезегінде көрменің мазмұнын байытып, тарихи әрі мәдени тұрғыдан маңызын арттыра түскен.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Ерғазы Исатаевтың еңбектері еліміздің түрлі музейлерінде сақтаулы екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазақ дүниетанымында «ұста» ұғымы тек кәсіп иесін ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын киелі өнердің иесін білдіреді. Сондықтан да бұл өнердің иелері әрдайым жоғары құрметке ие болған. Ол шебердің музей ісімен қатар дәстүрлі қолөнерді қатар алып жүрген еңбегіне ризашылығын білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстың ұлттық мұраны сақтаудағы маңызын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Ерғазы Исатаев Ұлытау облысы тарихи-археологиялық музейінде отыз жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқанын жеткізді. Осы уақыт ішінде ол жүзге жуық тарихи жәдігерді қалпына келтіріп, жаңғырту жұмыстарын жүргізген.
Сонымен қатар шебер тек зергерлікпен шектелмей, ағаш, темір, сүйек және тері өңдеу салаларында да еңбек етіп, көпқырлы шебер ретінде танылған.Оның шығармашылығы ұлттық қолөнердің әртүрлі бағыттарын қамтып, қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.
Көрмеге қойылған экспонаттардың жалпы саны алпысқа жуық. Олардың қатарында XVIII-XIX ғасырлар мен XX ғасырдың басына тиесілі қазақтың дәстүрлі тұрмысын бейнелейтін бұйымдар бар. Атап айтқанда, тұрмыстық заттар, зергерлік әшекейлер, батырлардың қару-жарақтары және ат әбзелдері көрермен назарына ұсынылған. Бұл жәдігерлер арқылы қазақ халқының тұрмыс-салты, әскери дәстүрі мен эстетикалық талғамы айқын көрініс табады.
Сондай-ақ көрменің ерекше бөліктерінің бірі – Талды-2 қорғанынан табылған б.з.д. VII-VI ғасырларға жататын ат әбзелдерінің реконструкциясы. Бұл тарихи жаңғырту жұмыстары көне дәуірдегі көшпелі мәдениеттің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және көрменің ғылыми-танымдық құндылығын арттыра түседі.
Жалпы алғанда, «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» көрмесі – ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, дәстүрлі өнердің сабақтастығын сақтауға және оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени жоба. Мұндай шаралар арқылы қазақтың қолөнер саласындағы бай мұрасы қайта жаңғырып, заманауи қоғаммен үндесе түседі.