Ұлттық қордан өңірлерге 1,5 трлн теңге бөлінеді: қаражат қайда жұмсалмақ?
Ұлттық қордан Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға 1,5 трлн теңге бөлу жоспарланған.
Астана, NEGE. Қаражат әуежайды жаңғыртуға, автожолдарды кеңейтуге, ауруханалар салуға және кәріз жүйесін дамытуға бағытталмақ. Сонымен қатар жобалардың бір бөлігі Алматының қала маңындағы аудандармен көлік байланысын жақсартуға және жүздеген мың тұрғынды инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға арналған.
Жолдар мен әуежай жаңартылады
Қала әкімдігінің мәліметінше, Алматы халықаралық әуежайында терминал мен ұшып-қону жолағын жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар жаңа рөлдеу жолағы мен жүк ұшақтарына арналған тұрақ салынып, қызмет көрсету нысандарын дамыту көзделіп отыр.
Әкімдік қаладағы бірнеше жолды кеңейтпек. «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» автожолының 8 шақырымдық бөлігі төрт жолақты болады. Ал «Алматы – Бішкек» жолының 7 шақырымдық бөлігінде жолақ саны төрттен сегізге дейін көбейтіледі. Бұл жерде екі жолайрық пен жаяу жүргіншілерге арналған тоғыз өткел салынады.
Сондай-ақ Саин көшесін Алматының шекарасынан Үлкен Алматы айналма жолына дейін ұзарту да көзделген. Ұзындығы 6,6 шақырым болатын жаңа жол теміржол үстінен өтетін өткелді де қамтиды.
Абай даңғылы да Үлкен Алматы айналма жолына дейін ұзартылады. Ұзындығы 3,4 шақырым болатын учаскеде Ақсай өзені арқылы көпір салынып, айналма жолдың үстінен өтетін өткел тұрғызылады. Бұл жолдар Алматы мен Қарасай ауданы арасындағы қатынасты жеңілдетуге тиіс.
Ауруханалар салынып, кәріз жүйесі кеңейеді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтің сөзінше, республикалық бюджет қаражаты мен келесі жылға жоспарланған қаржыландыруды ескергенде, Алматының денсаулық сақтау саласына 196 млрд теңге қарастырылған.
Оның ішінде 900 науқасқа дейін қабылдауға мүмкіндік беретін Қалқаман шағын ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухана жаңартылмақ. Сонымен қатар Сейфуллин көшесінде 155 орындық №1 қалалық перзентхана, ал Әйтеке би көшесінде бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана салынып жатыр.
«Мемлекет басшысы қаражаттың 60–70%-ын дәл осы денсаулық сақтау нысандарын салуға бөлуді тапсырды, өйткені халыққа бірінші кезекте заманауи медициналық инфрақұрылым қажет. Енді осы қаражатты игеріп, барлық жұмысты дер кезінде аяқтап, нысандарды халық игілігіне беру керек. Бұл – премьер-министрдің де бақылауындағы аса маңызды жобалар», – деді Нәлібаев.
Алматының батыс кәріз коллекторының құрылысы да жалғасып жатыр. Оның негізгі бөлігінің ұзындығы – 35 шақырым. Қазір оның 17,9 шақырымына құбыр тартылған. Құрылыс аяқталса, Наурызбай және Алатау аудандары мен Алматы облысының жақын аумақтарындағы шамамен 200 мың тұрғын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосыла алады.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Алматы халықаралық әуежайының жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынға алып, құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырған болатын.