Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді: Тоқаев ауқымды құрылыс жоспарын жариялады

Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлініп, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынбақ. 

Aqorda

Астана, NEGE. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ауқымды құрылыс бастамасын жариялады. 

Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 трлн теңге көлемінде қаражат қарастырылады. 

Президенттің айтуынша, Үкімет бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық жаңғырту жоспарын әзірлейді. Жоба аясында өңірлердегі аса қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысына басымдық берілмек.

«Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуы мен жобалардың экономикалық әрі әлеуметтік қайтарымына ерекше мән берді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тартуды тапсырды.

«Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін барлық аймақты қамтитын нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар осы ауқымды құрылыс қозғалысын «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды.

Оның сөзінше, бұл ауқымды жоба азаматтардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерліктің өркендеуін және ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал етеді.