Ұлттық қор активін 100 млрд долларға жеткізу мерзімі кешеуілдеуі мүмкін
Қазақстан Ұлттық қор активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Алайда бұл мақсат белгіленген мерзімнен кешірек орындалуы мүмкін.
Астана, NEGE. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің есебінше, алдағы үш жылда Ұлттық қордан «Үлкен құрылысқа» қосымша 5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылмағанында, қордағы өсім 87 млрд долларға жетер еді.
«Расымен бізде 2030 жылға қарай Ұлттық қордың көлемін 100 млрд долларға жеткізу деген мақсат бар. Осы мақсатта реформа жүргіздік. Бұл ретте алдағы үш жылға Ұлттық қордан қосымша 5 трлн теңге нысаналы трансферт алып отырғанымызға қарамастан, қор көлемі өсіп келеді. Әрине, егер біз бұл қаражатты алмаған болсақ, динамика басқаша болар еді. Біз шамамен 87 млрд доллар жинай алар едік. Бірақ қазіргі тапсырмаларды және Ұлттық қордың бәрібір болашақ ұрпаққа арналған қор екенін ескеруіміз керек», – деді ол.
Спикер Ұлттық қор активтерінің құрылымы өзгертіліп, кірістілікті арттыруға бағытталған саясат жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық қордың кірісі мұнай секторынан түсетін салықтармен ғана шектелмейді. Қор активтерінің инвестициялық кірістілігі де жыл сайын өсіп келеді. Қазір мұнай секторынан шамамен 1,5 трлн теңге салық түссе, инвестициялық кіріс 1,4 трлн теңгеге жуықтаған.
Сонымен қатар ол Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі болашақ ұрпаққа қалатын активтерге, соның ішінде ауруханалар, перзентханалар, мәдениет үйлері мен спорт кешендері сияқты нысандарға бағытталатынын айтты.
«Жалпы алғанда, 100 млрд долларлық мақсатқа жетеміз. Иә, оған 2030 жылы емес, сәл кейінірек жетуіміз мүмкін. Бірақ жалпы алғанда, 100 млрд долларды жинаймыз деп ойлаймын», – деді Әмрин.
Еске салсақ, Құрылтайдың бүгінгі отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республикалық бюджет параметрлері таныстырылды. Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева 2027 жылғы бюджетте күтпеген жағдайларға арналған жеткілікті қаржы қоры қарастырылмағанын айтты.