Ұлттық банк бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесін шілдеде іске қосады

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 18 маусымда өткен Сенат отырысында бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі іске қосылатынын тағы да ресми түрде растады.

magnific.com

Астана, NEGE. Сүлейменовтің мәлімдеуінше, жаңа жүйе толық көлемде 19 шілдеден бастап жұмыс істейді. 

«Биыл 19 шілдеде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі іске қосылады. Парламенттің қолдауының арқасында 1 мамырдан бастап жаңа экономикалық секторды іске қосудың құқықтық негізі қалыптасты» , – деді Ұлттық банк басшысы.

Жаңа жүйе кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы бір ғана QR-кодты сканерлеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елде бірнеше түрлі QR-стандарт қолданылады, соның салдарынан тұтынушылар көбіне сатып алған затын тек QR-кодты шығарған банктің қосымшасы арқылы ғана төлеп келеді.

Банкаралық QR-төлемнің базалық инфрақұрылымын Ұлттық банк 2025 жылғы 30 қыркүйекте іске қосқан болатын. Бастапқы кезеңде жүйеге алты банк қосылған, ал қазір ол кеңейтіліп, барлық қатысушылар үшін міндетті бірыңғай стандартқа айналып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі банктердің банкаралық QR-төлемдер жүйесіне қосылу туралы талапты орындамай отырғанын сынға алған еді. Сол кезде Президент цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені жедел шешуді тапсырған болатын.