7 июля 2021 г. 18:41

Ұлтарақтың орнына – смартфон. ҰБТ-ның қызығы мен шыжығы

Фото:

Алғаш рет электронды форматта өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағы да мәресіне жетті. Nege.kz порталына сұхбат берген Ұлттық тестілеу орталығының экс-директоры Дидар Смағұлов: «Былтыр ҰБТ 90 пайызға, биыл 100 пайызға әділ өтеді», – деген еді сенімді түрде.

Жаңа форматтағы ҰБТ-ны тапсырған түлектердің де көңілі күпті болды. Себебі, бұрын-соңды тәжірибеде кездеспеген жүйе бәрібір алаңдатушылық туғызатыны сөзсіз. Ал артықшылығы – әрбір талапкер сынақ тапсыруға екі рет мүмкіндік алды.

Сонымен, ҰБТ қорытындысы қандай? Биыл 1900-ден астам ғана талапкер 120 балдан жоғары жинай алды. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев: «Ұлттық бірыңғай тестілеуге нақты 145 288 талапкер қатысты. Оның ішінде 75,5 пайызы қазақ тілінде, 24,3 пайызы орыс тілінде және 350 адам, яғни 0,2 пайызы ағылшын тілінде тапсырды. Биыл ҰБТ-ның орташа балы 69,08 балл болды. Өткен жылмен салыстырғанда 5 балға артты. Ал шекті балды 65 пайызы жинады және 39,4 пайызы шекті балдан өте алмады», – деді.

Оның атап өтуінше, орташа балдың өсуіне оқуға түсушілердің ҰБТ тапсыруға 2 мүмкіндігінің болуы әсер етті. «Осылайша олар өз нәтижелерін жақсарту үшін дайындалуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар электронды форматты енгізу арқылы талапкерлердің жауаптарын түзетуге, тест тапсырмаларын шешуге уақыт жеткілікті болды. 1 923 түсуші 120 баллдан жоғары алды. Ең жоғары балл – 140 баллды бір талапкеріміз жинады. Ол – Павлодар қаласынан Данияр Уәлиев деген оқушы. Былтырмен салыстырғанда, ең жоғары балл 139 болды. Оны да бір талапкер жинады», – деді вице-министр.

756 талапкер ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды

Мектеп түлектерінің ішінде әлі күнге шпаргалканы ұмыта алмағандар көп екен. Тест тапсыру ережесін бұзған 1 226 талапкердің нәтижесі жойылды.  

«Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға тыйым салынған заттарды алып, салдарынан 756 түсуші ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есеге аз көрсеткіш. Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ кезінде тыйым салынған заттардың саны 3 есеге азайған. Талапкерлердің жасырын камералармен келуі, шағын құлаққаптарды қолдануы, 45 өлшемді кроссовка киіп, ұлтарақтың орнына смартфон салу, медициналық маскалардың ішкі жағына қажетті жазбалар жазу және тағы басқа да әділетсіздіктерге бару фактісі тіркелген.

Яғни, талапкерлердің көбі  жасайтын әдеттің бірі – жұқа смарфтонды шоколад орамасына орап алып кіруге тырысу. Одан бөлек жалған құжатпен кірмек болған 18 адам ұсталды.  

Айта кету керек, ҰБТ-ның соңғы нәтижесі тамызда жарияланады. Яғни, тестілеудің бейнежазбалары 25 тамызға дейін талдаудан өтеді. Талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады және білім беру грантын тағайындау шешімінің де күші жойылады. Вице-министрдің айтуынша, мұндай тәжірибе өткен жылдан бері бар. Былтыр 152 тест тапсырушының нәтижесі жойылған. «Тіпті, 100 білім беру гранты иегері де жоғары оқу орындарынан дәріс алу мүмкіндігінен айырылған еді. Сонымен қатар 20 және одан жоғары балл айырмашылығы бар тестілеушілердің бейнежазбалары мұқият талданады. Бұл бейнежазбалардың барлығы бізде сақтаулы», – деді Қуаныш Ерғалиев.

Nege.kz тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Жаңа форматтағы ҰБТ жемқорлықты түбегейлі шешті ме?» деген сауал қойған.

«Әрине, электронды формат бойынша жемқорлық мәселесі толық шешіледі айтуға толық негіз бар. Бөгде адамның кіруі де – жемқорлық әрекеті. Оларды біздің анықтағанымыз – жемқорлықтың жолын кесу. Тест тапсырмаларының жауабы Ұлттық тестілеу орталығында ғана бар», – деп жауап берді Ұлттық тестілеу орталығының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.

Жазира Тарап, ата-ана:

Жан-жақтағы қаптаған камера баланың көңілін аулайды

– Балам телефон, шпаргалка, т.б. тыйым салынған заттар алып кірген жоқ. Бірақ жан-жағының бәрі камера дейді. Түр-әлпетін сканер жасапты. Сынақ арасында екі рет үзіліс берген. Бір сағаттан кейін 3 минут, үш сағаттан кейін 15 минут. Әр шығып-кірген сайын түрін тағы да сканер жасаған. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ баланың көңілі басқа жаққа бұрылса, ойлап тұрған нәрсесін ұмытып қалмай ма? Бір жақсы жағы – мұнда бала өзіне ғана сенеді.

Ал сынақ тапсыруға екі рет мүмкіндік берілгенін қайтейін, екінші рет тапсырғаны өте қиын болды. Баламның айтуынша, дайындалмаған, өтпеген сұрақтар келген. Электронды форматқа арналған жаңа бағдарламамен балалар танысқан жоқ. Биылғы түлектер үшін бұл пилоттық жоба іспеттес болды. Осылайша, біріншісінен – 84, екіншісінен 72 балл алдық.  

 Ақжол, талапкер:  

«Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп белгілеп шықтым

– Өзім үшін жаңа форматтағы сынақ қиын болды. Ештеңе алып кіргем жоқ. Себебі, телефон, шпаргалка алып кірген балалар сол мезетте аудиториядан шығарылды. Бірақ алдымда, жанымда, барлығы 4-5 камера мені бақылап отырды. Бұл жүйе алғаш енгізілген соң ба, «Қалай болады екен?» деп абдырап қалдық. Қысқасы, ойдағы балды жинай алмадым. Кейбір сауалдар мүлдем мектеп бағдарламасында кездеспеген. Оның бәрін «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп белгілеп шықтым. 

Электронды форматтың бір артықшылығы – білмеген, қиын сұрақты өткізіп, қайта айналып келуге болады. Сосын уақыт үнемделеді. Ең бастысы, жауаптың нәтижесі де көз алдыңда.

Тегтер: