7 февраля 2020 г. 13:00

Үлкен экранға шыққан кинотуындылар топтамасы

Фото:

Осы апта ішінде  еліміздің  барлық кинотеатрларында көрсетілетін  фильмдер топтамасын ұсынамыз. Жуырда үлкен экранға жол тартқан үздік туындылар сіздердің назарларыңызда!  

«Черный, черный человек» атты Отандық фильм тізімде жетінші орында. Картинаның сюжеттік желісі бойынша, ауылдың тұрғыны кенеттен қайтыс болады. Жергілікті полиция қызметкерлері кінәліні іздестіруге кіріседі. Ал, Бекзат есімді із кесуші тезірек қылмыстық істі жабуға асығады. Орын алған қайғылы оқиғаға тілші араласқаннан кейін із кесуші тергеуді мықтап қолға алады. 

Тізімді «Troll: The Tale of a Tail / Тролль: История с хвостом» анимациялық туындысы толықтырады. Кез келген жастағы көрерменге арналған анимациялық фильмнің әлемдік алдын ала көрсетілімі Чехияда өтті. Өткен жылдың желтоқсан айында үлкен экранға шыққан туынды бүгінде ғаламтор қолданушыларының 73 пайызына ұнаған. Ғажайып оқиға мен қауіпті саяхатқа құрылған туынды жақсылықтың  зұлымдықты жеңетінін насихаттайды.

«Vic the Viking / Викинг Вик» - толық метражды анимациялық туынды Франция мен Германия таспалаушыларының бірлескен жұмысы. Оқиға желісіне Вик есімді жас бала арқау болған. Ол өзінің кішкентай бойына қарамастан әкесі секілді ұзақ сапарға шығуды армандайды. Сөйтіп, тағдыр оған үлкен мүмкіндік сыйлайды. Виктің анасы тұтқынға түсіп қалады. Ал бас кейіпкер анасын құтқару үшін қауіпті сапарға аттанады.

 Тізімді «5 è il numero perfetto / Счастливое число 5» фильмі жалғастырады. Неаполь - Италияның қылмыстық астанасы. «Кішкентай Цицерон» лақап атымен белгілі жалдамалы кісі өлтіруші жасы егде тартқан соң, зейнеткерлікке шығады. Сөйтіп қауіпті кәсібін ұлына табыстайды. Алайда ұлы әкесінен кек алушылардың қолынан қаза болғандықтан, «кішкентай Цицерон»  қауіпті іске қайта кіріседі. Оған кек алуға бұрынғы көмекшісі Тото есімді қасапшы мен  адал құрбысы  Рита көмекке келеді. Осы ретте, Рита оған қол ұшын беру арқылы ескі махаббаттың тапаншадағы оқ сияқты тот баспайтынын дәлелдеп, оқиға желісін аша түседі.


«J'accuse / Офицер и шпион» - фильмі. Француздың барлау қызметінің офицері, капитан Альфред Дрейфус аса қауіпті қылмыскер деп танылып, Атлант мұхитындағы тропикалық аралға жер аударылады. Оған Германияның мүддесіне тыңшылықпен айналысты деген айып тағылады. Дрейфустың ұстазы әрі барлау қызметінің басшысы Жорж Пикар осы даулы іс бойынша тергеу жүргізеді. Дрейфусқа тағылған басты айып - барлық қажетті дәлелдерді қамтитын құпия құжат. Пикарға қарамағындағы қызметкердің кінәсіздігін дәлелдеу үшін оны табу керек.

Келесі «Playing with Fire / Игры с огнём» фильмі. Өрт сөндірушілер тобы мен бөлімінің бастығы Джейк Карсон орманда тұтанған өрт кезінде  үш баланы құтқарып қалады. Балалардың ата-аналарын таба алмаған өрт сөндіру қызметкерлерінің өмірі сол оқиға орын алған соң түбегейлі өзгереді. Балаларға бас-көз боп қарайласып отырған олар  ең қиыны  кішкентайлармен тіл табысу  екенін ұғынады.

Бірінші орын  «Birds of Prey / Хищные птицы» фильміне тиесілі. Ағымдағы жылдың қаңтар айында үлкен экранға шыққан туындының әлемдік алдын ала көрсетілімі Лондонда өтті. Кэти Яньның режиссерлік етуімен таспаланған туынды, бүгінде ғаламтор қолданушыларының 90 пайызының оң бағасын алды. Ерекше сюжет пен үлкен оқиғаға негізделген фильмнің киносүйер қауымның көңілінен шығатыны сөзсіз. Сенбесеңіз, тамашалап көріңіз!

Тегтер: