Жаңа жылдағы демалыс. Үлкен Алматы шатқалы

"Жаңа жылдағы демалыс" сериясында біз Алматы маңындағы қыста демалуға болатын ең көрікті жерлерді таныстырамыз.

Біле білсеңіз, Алматы облысының өзінде 5 ұлттық табиғи парк бар. Олар «Іле-Алатау», «Шарын», «Алтын Емел», «Жоңғар Алатауы» және «Көлсай көлдері».

Осының ішінен, алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше ыстығы, жиі ат басын бұратыны «Іле-Алатау» ұлттық паркі. Ол 1996 жылы құрылды. Аумағы Алматыдан оңтүстікке қарай батысында Шамолған өзені мен шығысында Түрген өзені аралығында Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан. Қазір осы парк аумағында экотуризмді дамыту үшін мемлекет тарапынан кешенді жұмыстар атқарыла бастады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Туранга Групп» компаниясы тартылып, экосоқпақтар пен туристерге арналған визит-орталықтың жұмысы жанданды. Экотуризм инфрақұрылымы қолға алынды. Бүгінгі шолуымызда біз ұлттық парктің іншу-маржаны қатарына жататын кереметтерді тілге тиек еткіміз келеді.

Фото: Туранга Групп

Үлкен Алматы шатқалындағы әлем туристерін тамсандыратын кереметтер сізден таяқ тастайтын жерде жатыр. Алматыда тұрып, Үлкен Алматы шатқалына бас сұқпау деген таза қылмыс. Тауға шық, еркін самалда көкірегіңді керіп тұрып тыныста, таза ауа мен мөлдір аспаннан ләззат ал. Шатқалға шығып жүргендер барлық учаскелерді, сайларды, соқпақтар мен жолдарды жақсы біледі.

Үлкен Алматы шатқалында баруға тұрарлық жерлер аз емес. Экопосттан кейін сол жаққа қарай бұрылып, "Казачка" өзенінің шатқалына, әрі қарай "Көк Жайлау" үстіртіне шығып кетуге болады. Ал экопосттан тіке жүрсеңіз, Үлкен Алматы көліне жетесіз. Осы бағытпен жүріп отырып, Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясына мен «Жусалы кезең» асуына табан тірейсіз.

Бұл асудың биіктігі 3375 метр. Таңғажайып көрікті жер. Проходное мен Озерное шатқалдары қосылатын "Турист" және "Үлкен Алматы" шыңдары арасында орналасқан. Проходное шатқалында ғарыштық сәулелерді байқауға арналған ғылыми станция станция орналасқан. Ол халық арасында "Космостанция" деп аталады.

Үлкен Алматы көлі мен асуға барар жолда, "Аюсай" шатқалында экотуризм тақырыбында кең мағлұмат беретін және туристердің соқпақтар мен маршруттар туралы ақпарат алатын жері – визит-орталық бар.

Фото: Туранга Групп

Шатқалдың гаухартасы – Үлкен Алматы көлі (БАО) туралы айта кеткіміз келеді

Бұл ғажайып көл. Озерная өзенінен нәр алып отырған су қоймасы десе де болады. Тереңдігі 40 метрге жетеді. Көл ежелгі мұздықтың арқасында теңіз деңгейінен 2500 м биіктікте пайда болды. Мұздық шегінсе де, су қалыптасып, бассейнді толтырды.

20-шы ғасырдың ортасында Үлкен Алматы шатқалында су электр станцияларының каскады салынды. Ал 1977 жылы шатқалда ғаламат сел жүріп, апаттан кейін қаланы қорғау үшін табиғи бөгет нығайтылды. Қазір платинаның биіктігі 500 метрді құрайды. Көлден шыққан су құбыр арқылы қалаға жеткізіледі.

Бөгет маңында қар жамылғысын күндіз-түні бақылайтын метеорологтар мен арнайы мамандардың үйлері орналасқан.

Шатқалды мекендейтін жануарлар

Іле Алатауының фаунасы алуан түрлі. Шыршалы ормандарды қабандар мен борсықтар мекендейді. Ал жабайы мысықтар орманның ең шалғай, биіктеу жағында жүреді. Қасқырлар да бұл жердің заңды тұрғындары.

Кербез елік шырша жапырақты ормандарды жатсынбай жүрсе, қоңыр аю таңқурай мен алма жеу үшін төменге түсіп жүр. Маралдар жапырақты ормандарды жақсы көреді. Ғалымдар фотоаппарат көмегімен елдегі ең жасырын әрі қасиетті жануар - барысты бақылап отыр. Ол көбіне тауешкімен қоректенеді. Қар барысы немесе ирбис – жануарлардың жойылып бара жатқан түрі ретінде Қызыл кітапқа енгізілген. Барыс ешкімнен қорықпайды. Бірақ сырт көзге көріне бергісі келмей жұрттан басын аулақ ұстайды.

Фото: Esquire.kz

Қазақстанда құстардың бес жүзден астам түрі бар, олардың жартысы Іле Алатауының бөктерінде тіршілік етеді. Ал еліміздің флорасы алты мыңға дейін өсімдік түрлерін құрайды. Олардың қырыққа жуығы Қызыл кітапқа енгізілген.

Қазір оқып жатыр

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК-тен шығу туралы шешім қабылдады

Үйқамақта болуы тиіс Олеся Кексель Алматы әуежайында не істеп жүр?

Жамбыл облысында экс-депутаттың партиядан шығарылуына қатысты іс қайта қаралады

АМӨЗ-дегі экологиялық жанжал және Атырау тұрғындарының денсаулығы: деректер не дейді?