Үлкен ауылында 33 мың тұрғынға есептелген атомшылар қалашығы салынбақ

Атом электр станциясы салынатын Үлкен ауылында 33 мың тұрғынға арналған атомшылар қалашығы бой көтермек. Осылайша Үлкенді Балқаш жағалауындағы ең озық елді мекендердің біріне айналдыру жоспарланған.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Ол Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесуде Үлкен ауылын тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыта отырып, кешенді өркендету жоспарын таныстырды. 

Оның айтуынша, мұнда тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар, кадрларды даярлау және қайта даярлау орталықтары салынып, қонақүй инфрақұрылымы, қызмет көрсету саласы мен бизнес те дамытылады.

«Бұл жеке жұмысшылар кенті болмайды. Бұл – өмір сүруге қажетті барлық ілеспе инфрақұрылымы бар Үлкен ауылының дамуы», – дейді Алмасадам Сәтқалиев.

АЭС құрылысын қамтамасыз ету үшін салынатын нысандар кейін ауыл қажеттіліктеріне және кәсіпкерлікті дамытуға беріледі.

Сонымен қатар болашақ АЭС қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған оқу-жаттығу орталығын орналастыру көзделген.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бір АЭС құрылысының қарқынды кезінде 15 мыңға дейін жұмысшы – инженер-құрылысшылар, дәнекерлеушілер, монтажшылар, электр мамандары, автоматтандыру және сапаны бақылау жөніндегі мамандары қажет болады.

Ал станцияны пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың қызметкер, яғни атом инженерлері, реактор қондырғыларының операторлары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі мамандар қажет.

Кадрларды даярлау Қазақстан Республикасының бейінді оқу орындарымен, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің мамандандырылған білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, атом саласының қызметкерлеріне «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында білім алу мүмкіндігі ұсынылатыны хабарланды.