8 марта 2026 г. 10:59

«Ұлы даланың қайсар қыздары»: Президент Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің қоғамдағы рөлі мен ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 8 наурыз – әйелдерге деген құрмет пен ризашылықтың айқын көрінісі.

«Қымбатты ханымдар! Осы тамаша мейрам – барша нәзік жандылар қауымына арналған ерекше сезім мен зор құрметтің жарқын көрінісі. Әйел – көңілге шаттық сыйлап, шабытқа қанат бітіретін көркемдік пен сұлулықтың символы, жасампаздық пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі әйел затынан бастау алады»,– деді Президент.

Ол әйелдердің кез келген қиындықты сабырмен еңсеріп, батыл қадам жасай алатын қайсарлығын, сондай-ақ жауапкершілік пен табандылықтың өнегелі үлгісін танытып келе жатқанын айтты.

«Әйелдің жаны нәзік болса да, болмысы – мықты. Олар кез келген қиындықты еңсеріп, әрдайым даналық пен даралықтың, шыдамдылық пен батылдықтың, сенімділік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әрбір әйелдің өмірге нәр беретін, әлемге жарық сыйлайтын, жоқтан бар жасайтын, тіпті, жауласқанды татуластырып, бейбітшілікке шақыратын ғажап қасиеті бар. Әйел табиғатының басты құпиясы мен сыры да – осында.

«Әйел – ұлттың жаны» десек, артық болмайды. Өздеріңіз берген тәлім-тәрбие арқылы ұрпақтың дүниетанымы қалыптасады, жастар әдептілік, отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіреді»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақстандық қыз-келіншектердің білім, медицина, ғылым, мемлекеттік қызмет, бизнес, өндіріс, мәдениет және әскер салаларында табысты еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқанын жоғары бағалады.

«Ұлы даланың қайсар қыздары жайлы аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Қазақ аруларының парасаттылығы мен батырлығы жұртымыздың жадында жатталып, тарихында таңбаланып қалған. Осы сабақтастық қазір де сақталып отыр. Көптеген қыз-келіншектер Отанымызға қалтқысыз қызмет етіп, мектептер мен университеттерде, емханалар мен зертханаларда, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда, өнер мен бизнесте, өндіріс орындары мен шаруашылықтарда, әскери бөлімшелерде және ел өмірінің басқа да салаларында абыройлы еңбек етіп жүр.

Қазақстан халқымыздың келешектегі тағдырына тікелей ықпал ететін ауқымды жаңғыру жолына түсті. Жаңа Халық Конституциясы жобасының өзегі – еліміздің Тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, азаматтардың мүдделері мен құқықтары.

Референдумға шығарылған жаңа Ата заңның жобасында ана мен баланы қорғау, неке және отбасы институтын күшейту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда заңды құрметтеу, табиғатты аялау, әділдік, еңбекқорлық, жауапты және жасампаз отаншылдық қағидаттарын орнықтыруға баса мән берілді»,– деді Президент.

Мемлекет басшысы әйелдер қауымы алдағы уақытта да адал еңбегі мен қажырлы қызметі арқылы Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды қалыптастыру ісіне белсенді үлес қоса беретініне сенім білдірді.

Президент қазақстандық әйелдерге мықты денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.