Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі берілген өтемақыны қайда жұмсағанын айтты
Астанада қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сотта оның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдіктен берілген 20 млн теңгені қайда жұмсағанын айтты.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, бұл қаражатты алған күннен кейін үш күн ішінде 9 млн теңгені көлік несиесін өтеуге жұмсап, 4 млн теңгені Ұлдананың ата-анасына берген. Қалған ақша марқұмды еске алу рәсімдеріне және басқа да ұсақ шығындарға жұмсалған.
Прокурор Саяжан Ардаққызы қаражаттың қанша бөлігі жерлеу және еске алу шараларына жұмсалғанын сұрады. Оның сөзінше, сол кезде жедел жәрдем қызметінің директоры да ұйымдастыру жұмыстарына көмектескен.
«Ол жерде қала әкімі, әкімнің орынбасары және мәслихат депутаты болды. Әкімдік депутаттан көмек сұраған екен. Депутаттың аты-жөні есімде жоқ. Ол кісі қолма-қол 20 млн теңге берді. Ешқандай құжатқа қол қойған жоқпын. Жанымда Ұлдананың әпкесі Ақнұр Мырзуан болды. Жерлеуге қанша ақша жұмсалғаны нақты есімде жоқ», – дейді Зейнел.
Сотта Ұлдананың ата-анасына берілген 4 млн теңге де сөз болды. Адвокат бұл сұраққа қарсылық білдіргенімен, сот оны алып тастаған жоқ.
Сонымен қатар, судья Меруерт Абаева Зейнелден сотта жәбірленуші мәртебесінен бас тартуына не себеп болғанын сұрады. Оның сөзінше, бұған оның жаңа өмір бастауы себеп болған.
«Жаңа өмір бастадым, қайта үйлендім. Ұлдана Мырзуанның анасы БАҚ арқылы «жәбірленуші» статусынан бас тартуымды сұрады», – деп жауап берді Әділет Зейнел.
Еске салайық, Ұлдана Мырзуан тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті құлап, кондиционер блогының астында қалып қаза тапқан. Осы іс бойынша МБИ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қызметтік міндеттерін тиісінше орындамады деген айып тағылған.
Сотта куәлік берген Зейнел ешкімді айыптағысы келмейтінін айтып, оқиғаға құқықтық бағаны соттың беруін сұраған.