«Улап жатыр»: Алматыда аудан тұрғындары қағаз зауытын көшіруді талап етті
Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары тұрғын үй кешенінің жанындағы қағаз шығаратын зауытты басқа жерге көшіруді талап етуде. KZ Recycling зауыты Alma City-5 тұрғын үй кешенінің маңында орналасқан.
Алматы, NEGE. Белсенділердің айтуынша, зауыттан шыққан қолқаны алатын жағымсыз иіс қоршаған ортаны улап жатыр. Осы уәжбен Республикалық ТКШ Альянсы мен «Алма СИТИ-5» және «Асыл Арман» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары Наурызбай ауданының әкімдігінде жиналды.
«Алматы қаласы бойынша біз мәселесі қордаланған 20 мекенжайды анықтадық. Негізінде мәселе одан да көп, алайда біз ең күрделі әрі жүйелі сипаттағы түйткілдерді қамтитын нысандарды таңдадық. Сол маңызды мәселелердің бірі – осы қағаз шығаратын зауыттың қызметі», – дейді Қазақстан ТКШ Альянсының үйлестіру кеңесінің төрайымы Шолпан Бертісбаева.
Қағаз зауыты аумақтық тұрғыдан Наурызбай ауданына қарайды. Себебі Alma City-5 тұрғын үй кешені сол жерде орналасқан. Алайда әкімшілік-аумақтық бөлініске сәйкес, зауыт Қарасай ауданының аумағында. Бұл жағдай мәселені шешуді едәуір қиындатады.
Шолпан Бертісбаеваның айтуынша, Қарасай ауданына қарасты «Асыл Арман» шағын ауданының тұрғындары уәкілетті органдармен хат алмасып, ресми жауаптар алған. Нәтижесінде зауытқа жекелеген айыппұлдар салынған. Белсенділер мұндай шараларды жеткіліксіз деп санайды. Өйткені 50 миллион теңге көлеміндегі айыппұл мұндай кәсіпорын үшін түкке тұрғысыз.
«Зауыттың айналасында тұрғын үйлер бар, бір жағында Абай ауылы тұр. Сол себепті зауытқа жақын маңдағы тұрғындарға зияны тиіп отыр. Көпшілігінде денсаулығының нашарлағанын растайтын медициналық анықтамалар бар. Олардың кейбірінің денсаулығының нашарлауына тікелей зауыттың жұмысы әсер еткен», – дейді Шолпан Бертісбаева.
Олар сәулет және қала құрылысы басқармасымен, қала құрылысы бақылау басқармасымен, энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен, экология басқармасымен, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау өкілдерімен кездесулер өткізген.
«Қаңтар-ақпан айларында біз қоғамдық бақылаудың қорытынды құжатын дайындау аясында тиісті құрылым басшыларымен кездесіп, барлық анықталған деректерді тіркедік. Сонымен қатар Экология министрлігінің Экологиялық бақылау департаментінің басшылығымен де жеке кездесу өтті. Әкімдік құрылымындағы Экология басқармасының басшысы кездесу өткен күні жедел әрекет етіп, көшпелі тексеру ұйымдастырды», – дейді ТКШ Альянсының үйлестіру кеңесінің төрайымы.
Белсенділердің айтуынша, ескерту жасалғаннан кейін кәсіпорын өндірістік қуатын төмендететін көрінеді. Сондықтан бұрын тұрғындар тіркеген және материалдарда көрсетілген қою түтін бұл кезде байқалмайды. Алайда бұған дейінгі өлшегенде күкіртсутектің рұқсат етілген мөлшерінен 1072 есе артық көрсеткіші анықталған.
«2020 жылы кәсіпорынды көшіру туралы уәде берілген болатын. Қазір 2026 жыл. Бірнеше жыл өтсе де, мәселе шешімін тапқан жоқ. Белгіленген тәртіпке сәйкес біз қажетті құжаттарды ресми түрде сұратамыз. Қорытынды құжат тапсырылғаннан кейін уәкілетті органдар 10 күн ішінде жауап беруге міндетті. Егер осы мерзімде құжаттар ұсынылмаса немесе толық берілмесе, біз заң бұзушылық мәселесін көтеруге құқылымыз», – дейді белсенді.
Тұрғындар бұл мәселені созбалаңға салмауды сұрап отыр. Олар жер телімін беру туралы ресми құжатты, зауытты көшіру туралы шешім қабылданғанын растайтын құжатты, көшірудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны көрсетілген нақты жоспарды күтуде.
Құзырлы орындардың айтуынша, 2026 жылы дайындық кезеңдері аяқталады, 2027 жылы зауытты көшіру басталады, ал 2028 жылы зауыт толық жаңа орынға көшіріледі. Мамандардың сөзіне сенсек, үлкен өндірісті бір күнде көшіру мүмкін емес.
Жиын барысында «KZ Recycling» зауытының өкілдері 2026 жылдың наурыз айында зиянды қалдықтарды шығару тоқтатылатынын мәлімдеді. Яғни тұрғындардың үрейін алған түтін мен улы қалдықтарды туындататын процестер тоқтатылуы тиіс.
«Наурызға дейін бізге нақты мерзімдері мен міндеттемелері көрсетілген ресми жоспар ұсынылуы керек. Тұрғындар бізге сенім артып, нақты шешім күткендіктен араласып отырмыз. Халықтың шын мәнінде не болып жатқанын білгенін қалаймыз. Біздегі бар мәліметке сәйкес, жерасты сулары ластанып жатыр. Егер сүзгілер орнатылғаны, бассейндер тазартылатыны және нақты тазарту тетіктері енгізілгені құжат жүзінде дәлелденсе, тұрғындар тынышталар еді», – дейді белсенділер.
Басқарма өз құзыреті аясында жобаның қазіргі жағдайы туралы түсіндірме берді.
«Қазіргі таңда компания мен Алматы индустриялық аймағы арасында тиісті келісімшарт жасалған. Индустриялық аймақ Алатау ауданында, Момышұлы көшесінің бойында орналасқан. Ұсынылған жоспарға сәйкес, кәсіпорынды сол аймаққа көшіру 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Ол жер арнайы аймақ болғандықтан, халыққа айтарлықтай зияны болмайды», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Ізден Айдынұлы.
Құрылысқа рұқсатты кім берді? Тұрғындардың денсаулығына келетін зиян ескерілді ме?
Шолпан Бертісбаеваның айтуынша, қала әкімдігі құрылымында сәулет және қала құрылысы басқармасы, жер қатынастары басқармасы, қала құрылысын бақылау басқармасы бар. Олар санитарлық нормалар мен инфрақұрылымдық талаптарды ескере отырып, рұқсат беруі тиіс еді. Сондықтан белсенділер ашықтықты, заңдылықты және барлық қажетті құжаттардың ұсынылуын талап етіп отыр.
Egov порталындағы деректерге сәйкес, «KZ Recycling» компаниясының құрылтайшысы ретінде Омарова Шолпан Жұматаевна тіркелген.
KASE мәліметтеріне сәйкес, аты-жөні дәл осындай тұлға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының басшысы Марат Омаровтың анасы ретінде көрсетілген.
Компания иесі мен жоғарыда аталған шенеуніктің анасы бір адам ба, әлде тегі мен есімі сәйкес келетін басқа тұлға ма? Осы мәселені анықтау үшін агенттік өкіліне жазбаша сауал жолдадық.