Ұлан Бауыржанұлы: Күн сайын 20 тонна сүт сатамыз

2021 жылы «Байтерек» ҰБХ еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ АӨК саласын қаржыландыруға 251,9 млрд теңге бөлген. Оның 196 млрд теңгеден астамы игерілді. Несие алған 6614 шаруашылық аз уақыт ішінде кәсібін дөңгелетіп, табысын еселеп үлгерген.

Жуырда Алматыда Аграрлық несие корпорациясы баспасөз-турын ұйымдастырған-ды. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алған «Ақсүт LLC» ЖШС табысты жоба ретінде таныстырылды. Nege.kz тілшісі «Ақсүт LLC» сүт-тауар фермасының жұмыс барысын бақылап, атқарушы директор Ұлан Кеңесбаевпен сұхбаттасып қайтты.

 

Қазақстанда сүт өнімдерінің сұранысы едәуір артқан. Мәселен 2010 жылы 282,7 мың тонна ешқандай қоспасыз сұйық сүт өндірілсе, 2020 жылы 614,3 мың тоннаға жеткен. Сол секілді айран, май, кілегей тағы басқа сүттен жасалған өнімдерге сұраныс жоғары. Сүт-тауар фермаларын дамытуға  Аграрлық несие корпорациясы басымдық береді. Бір ғана 2021 жылы осы мақсатта 19,5 млрд теңге бөлінді. «Бөлінген қаржы елдегі сүт тапшылығын жабуға айтарлықтай әсер етеді», – дейді мамандар. 

– Ұлан мырза, кәсібіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қанша бас бар, қай елдің ірі қарасы?

– Екі жыл бұрын «Байтерек» ҰБХ еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жеңілдетілген несиесін алып, Голландия елінен 1 мың бас ірі қара алып келіп едік. Қазір мал басы 2 мыңға жетті. 

– Аталған ферманың ерекшеліктері қандай?

– Сүт өндіруші ірі компанияға күніне 20 тонна сүт өткіземіз. Бұл жердегі ірі қараның бәрі асыл тұқымды – Голштино-фриз. Әр сиыр күніне орта есеппен 20-30 литр сүт береді. Бағасына келсек Голландиядан шығып осы фермаға келгенше әр басқа 1,5 миллион теңге жұмсалды. Асыл тұқымды дегенім әр сиырдың, тіпті бірнеше ата-бабасының өмір тарихы ортақ базада сақталған. Сол арқылы қай сиыр қанша сүт беріп отырғанын анықтаймыз. 

– 1000 басты сауып, астын тазалау да оңайға соқпайтын шығар?

– Фермада автоматтандырылған «Параллель» сауу залы орнатылған. Сол арқылы сағатына 240 сиырды сауып отырмыз. Сауын техникалары автоматтандырылғаны сонша қай сиыр қанша сүт бергенін сол мезет көрсетіп тұрады. Ал, тазалық жұмыстарына келсек, бірде бір жұмысшымыз күрек алып жүгірмейді. Бір ғана түймешені басса болды, арнайы аппарат қораны мұнтаздай таза етеді. 

– Жем-шөп мәселесін қалай шешіп жатырсыздар? 2000 бас малға азық беру де оңай емес шығар?!

– Биыл қуаңшылықтың зардабын аз-кем сездік. Бірақ, бір ұтып отырғанымыз біз ешқандай жем-шөп сатып алмаймыз. Жанымызда 4,5 гектар жер бар. Сонда сиырға өорек болар шөп тұрлерін егіп, жинап аламыз. Егер сатып алсақ, шығынымыз еселеп артар еді. Мал шаруашылығымен айналысатындар осыны ескеру керек. 

– Бөгде елдің малы алғашында жерсінбеді ме? Оларға ерекше күтім керек шығар? 

– Ондай қиындықтарға кезікпедік. Біз қораны салу кезінде барлық тәуекелдің алдын алдық. Бастысы, сиырға жайлы болуын ойладық. Қазір қораларда қыста суық болмау үшін жылыту жүйесі бар, жазда ыстық болмауы үшін желдеткіштермен жабдықтадық. Әр қорада камера бар. Кез келген жерде жүріп қорада не болып жатқанын бақылаймын. Ол бізге төлдеу кезінде де үлкен көмек етеді. Бір айта кетерлігі, біздің сиырлар жылына бір рет төлдейді. Қолдан ұрықтандырамыз. Егіз туған сиырлар баршылық, тіпті, үшем туған жағдай да болды. Бұзауды туа салысымен шешісінен бөлек ұстап, жем-шөп дегенге дейін сүтпен асыраймыз. Жаңа туған бұзауға күніне 6 литрге дейін сүт беріп, бірте-бірте азайтып отырамыз. 

– Алда қандай жоспарларыңыз бар? 

– Тағы бір үлкен қораның құрылыс жұмыстары басталды. Сол біткенге дейін сауынды сиыр басын 3 мыңға жеткізсек дейміз. Сосын, ферма іргесінен сүт өнімдерін шығаратын арнайы өндіріс орнын ашқым келеді. 

– Сұхбатыңызға рахмет!