ҰҚШҰ әскерлері елден шығарыла бастады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Бас хатшысы Станиславь Засьті қабылдаған, іле-шала ҰҚШҰ әскері елден шыға бастады.
Алматы, NEGE. Халық Қаһарманы, Совет одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлықтағы әскер институтының парад алаңында елден шығып бара жатқан әскерді ҰҚШҰ Бас хатшысы С.Зась, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары М.Таласов, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев шығарып салды.
ҰҚШҰ бітімгершілік күштері тобының қолбасшысы Анатолий Сердюков жеке құрамға және ҚР Қорғаныс министрлігіне әскерді күнделікті керек-жарақпен қамтамасыз еткені үшін алғыс білдірді.
«Сіздер стратегиялық маңызды нысандарды күзеттіңіздер. Сіздер елге келген соң қазақстандық әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз міндеттеріне кірісуге мүмкіндік алып, бандиттерді ұстады», – деді М.Таласов.
Естеріңізге салайық, ҰҚШҰ-ның Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына шоғырланған бітімгершілік әскерінің жалпы саны – 2,5 мың солдат. ҰҚШҰ әскерін біртіндеп елден шығару бүгіннен басталды.