Қорғаныс министрлігі әскери техника жайлы мәлімдеме жасады
21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында ҰҚШҰ оқу-жаттығуларына қатысатын әскери техника Қазақстан аумағынан Ресейдің Челябі облысы Мисящ стансасына дейін және кері қарай теміржол көлігімен тасымалданады.
Астана, NEGE. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Өзара іс-қимыл – 2026», «Іздеу – 2026» және «Эшелон – 2026» оқу-жаттығуларын 24 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткізу жоспарланған. Оқу-жаттығулар барысында шеру дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады.
Қорғаныс министрлігі мұндай оқу-жаттығулардың тұрақты түрде Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өтетінін атап өтіп, тұрғындарды жалған ақпарат таратпауға шақырады.
Сондай-ақ ведомство өкілдері жалған ақпарат тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.