ҰҚШҰ Иранды қолдап, «аймақтан тыс күштердің арандатушылық әрекеттерін» айыптады
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблея кеңесі Иран төңірегіндегі жағдайға қатысты өз ұстанымын білдірді.
Астана, NEGE. Құжатта ҰҚШҰ парламентарийлері аймақтағы шиеленістің күрт ушығуына «терең алаңдаушылық» білдірді. Олардың мәлімдеуінше, жағдайдың күрделенуіне Иран төңірегіндегі ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған «аймақтан тыс күштердің арандатушылық әрекеттері» себеп болған.
Парламентарийлер мұндай әрекеттер халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді деп есептейді. Мәлімдемеде егемен мемлекеттерге қарсы күш қолдануға немесе күш қолдану арқылы қоқан-лоққы көрсетуге жол берілмейтіні айтылған.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблея кеңесі барлық тарапты барынша сабыр сақтауға және келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу үшін диалогты қайта бастауға шақырады. Сондай-ақ ұйым Иран үкіметі мен халқына қолдау білдірген.