Украинадағы соғыс аймағында жүрген 14 қазақстандық Ресейдегі елшілікке жеткізіледі
Бүгін Украинадағы соғыс аймағында жүрген 14 азамат Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізіледі. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев Instagram парақшасында мәлімдеді.
Астана, NEGE. Адвокаттың айтуынша, қазақстандықтардың мәселесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауына алынған.
«Өтінішіміз бойынша Ресейдегі балалардың мәселесі тікелей Қазақстан Президентінің бақылауына өтті. Бүгін алғашқы 14 бала Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізіледі», – деді Мейірман Шекеев.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде соғыс жүріп жатқан аймақтарда жүрген қазақстандықтарың елге оралуға көмек сұраған өтініштері тараған еді.
Олардың арасында 2006 жылғы азамат Айнабек Келдібек пен Алмаз Қайсар бар. Айнабек Келдібектің жақындарының айтуынша, ол Ресейге жұмыс істеу үшін барған. Ал Алмаз Қайсар әскери полигонда жүргенін және Украинадағы соғысқа жіберілуіне бірнеше күн қалғанын айтқан.
СІМ не дейді?
Сыртқы істер министрлігі бұған дейін соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтағы азаматтардың туыстарынан өтініштер түскенін хабарлаған болатын. Сонымен қатар, ведомство қазақстандықтарды елге қайтару үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, жағдай тұрақты бақылауда.
Қазақстан азаматтары мен олардың туыстары қажет болған жағдайда СІМ-нің Консулдық қызмет департаментіне және Ресейдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне хабарласа алады.