Украинада жұмыссыздық белең алды
Карантин кезінде Украинадағы жұмыссыздар саны 200 мыңға артып, жарты миллион адамға жетті.
Алматы, NEGE. Ал, сарапшылар: «ел бойынша қызметсіз қалғандардың саны 10 миллионға дейін жетуі мүмкін» деп болжайды. Елдегі жұмыссыздық қазына қаржысына да салқынын тигізіп отыр. Украинадағы жаппай карантин кезінде әр бесінші бизнес көзі жұмысын толығымен тоқтатуға мәжбүр болған. Әсіресе, кіші бизнес иелері: кафе, мейрамхана, спорт залдар мен шаштараз және сауда орындарын жалға алғандар жұмысшылар айлығын төлей алмай, дағдарысқа тап болған. Украина үкіметі карантин басталған мерзім: яғни 12 наурыздан бастап жұмыссыздар саны 197 мыңнан жарты млн адамға дейін жеткенін мәлімдейді.
Украина билігі 12 мамырдан бастап карантин тәртібін жеңілдету жолдарын енгізді. Атап айтқанда, сұлулық салондары мен ашық аспан астындағы мейрамхана жұмысын жалғастыра алады. Ресми дерек: «жұмыссыздар саны жарты миллион» дейді. Бірақ елдегі экономика және бизнес саласының тәуелсіз сарапшылары: «карантин кезіндегі Украинада қызметсіз қалғандар 1 миллионнан 10 миллионға дейін артуы мүмкін», - деп пайымдайды.